29.09.2022
  142


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Бесқарағай

Бесқарағай, Бесқарағай,
Қарағайлар басынан көшкен арай,
Құдірет қой самсаған самырсындар,
Өрлеп өскен ылдидан төске қарай.
Қарағайлар жарысып жол бойында,
Жолаушының қақтырар таңдайын да.
Қол ұстасып, жарысып, таласа өскен,
Таңырқамай қарап көр тал-қайыңға.
Бесқарағай, Бесқарағай,
Жылдар салған сақина, өс қарағай!
Өзегіне жинаған өз өмірін
Ағаш біткен қалмасын есте қалай?!
Бесқарағай, Бесқарағай,
Үйеңкілер құшағын ашты анадай,
Ару қыздай бой түзеп ақ қайыңдар,
Жарысады шыршалар жас баладай.
Бесқарағай, Бесқарағай,
Көз алдымнан көкпеңбек көшкен арай.
Қарағайдың ішіне қызғылт тартып,
Бара жатыр күн батып кешке қарай.





Пікір жазу