29.09.2022
  182


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Оразаға тілек

Кімді болсын біздің халық
Көрмеп еді жатсынып,
Алматының көшесіне
Қайдан келдің жоқшылық.
Базар барсаң қол жаяды
Бала емізген бір ана,
Шыға берсең жәутеңдейді
Көзін ашқан көк шыбық.
Мешіт барсаң, Алла үйінің
Алдында отыр пақырлар,
Жанарымен медет тілеп,
Дәл қасыңа жақындар.
Дұғаңа қос, жасағаннан
Тіле олардың тілеуін
Садақаңды бер соларға,
Мұсылмандық атың бар.
Ішер асты табу үшін
Жарым күндік, бір күндік,
Аспап алып, ән салады
Туннель-жолда бір мұңлық.
Топталып ап жалаң аяқ
Көше кезген сорлылар,
Еріксізден тамағы үшін
Жасайды енді күнде ұрлық.
Оларға да берген Алла
Ар мен ождан, ой-сана.
Табынады Мұхаммедке,
Сиынады Айсаға.


Бірі – қара, бірі – сары
Болса дағы мұңы бір,
Тағдыр жазған маңдайына
Жоқшылықты бейшара.
Ғаріп болған қай кез де
Сонау ықылым заманда,
Байлық барда мұқтаждық та
Бірге жүрер әманда.
Сол жоқшылық, сол тапшылық
Тамыр жаймай жойылсын,
Қазағымнан аулақ кетсін
Айы-күні аманда.
Ешбір адам болжап білмес,
Күтер қандай жол алда.
Жұмыс берсін екі қолға,
Тамақ берсін соларға.
Көшемізде көрінбесін
Жүрек шаншыр жоқшылық,
Пақырлардың барлығына
Несібесін бер, Алла
Ата-бабам аттанбаған
Жолсапарға салмай ер.
Қиналғанды көре тұра
Қолын созбас қандай ер.
Адамзаттың ғасырлардан
Салған ізін зерделе,
Халқы азбаса, жер тозбаса,
Гүлденеді сондай ел.


Оңбай құлар шапқан адам,
Тартылмаса ат айыл.
Сол айылды тартатұғын
Қосшы керек, о, Тәңір.
Көшелерде жоқ-жітіктер,
Қол жайғандар көбейсе,
Алтын-күміс әбзеліңнің
Болғанынан не қайыр.
Біздің жерде бәрі де бар,
Байлық та бар, бақ та бар,
Ырыс пенен береке де,
Табиғат та, тақ та бар.
Байға ынсап бер, я, Жасаған,
Ал жарлыға жәрдем бер,
Сонда ғана біздің елде
Мәңгі сөнбес от жанар.





Пікір жазу