Қылует
О, қылует, қылует!
Жүрегіме жылу ет,
Жанымнан шыққан әр сөзді,
Хор қызындай сұлу ет,
Оятты мені күбірлеп,
Қара өлеңнің пірі кеп.
Қарашықтың суы кеп.
Мәдинада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет.
Санама жырдың гүлін ек,
Мұңдылардың мұңын ек,
Нұрлылардың нұрын ек,
Даналардың бір кезде
Айтылмай қалған жырын ек.
Асыл сөзім – меруерт,
Көрейін салып сурет.
...Жер астында қылует,
“Бісміллә!” – деп кіріп ек.
Көптен құран түспепті,
Санама берді белгісін,
Періштелердің бірі кеп.
Түсірдік құран бағыштап,
Әруаққа тағзым бұл рет.
...Алланың адал құлы боп,
Алпыс үш жасқа келгенде,
Бабам енген қылует,
Ішің толы нұр екен,
Сенде тұнып тұр екен,
Қожа Ахмет дананың
Айтылмаған сыры көп.
Беу, қасиетті қылует,
Ішің толы нұр екен.
Баба рухы жүр екен,
Жер бетіндегі ғұмырын
Жалғастырғаны шын екен.
Айы, күні аманда,
Алланың нұрын жырлаған,
Күш-қуат алған әмәнда,
Тіліне салған құрмадан.
Арыстанбаб ұстаздың
Өсиетін тыңдаған.
Пайғамбар жасқа келген соң,
Бір күн де жерде тұрмаған,
Тағы алпыс үш жас жасаған,
Осында менің дүр бабам.
О киелі, қылует,
Бұ дүниенің шектеулі
Екендігін көрсеттің,
О дүниеге бастайтын
Мекен бүгін көрсеттің.
Бұ дүниеде мүліктің
Бекерлігін көрсеттің.
О дүниенің мәңгілік
Екендігін көрсеттің.
Әзірет Сұлтан әулием,
Ашқан саған бар сырын,
Ақиқатын ақтарған
Төккен саған жан сырын.
Алланың ақ жолында
Тәркі етті ол Күн нұрын.
Сарп етті ол Ай нұрын.
Құрбан етті ол таң шығын.
О, киелі қылует,
Шыңырау, қапас болсаң да,
Қараңғыда қалсаң да,
Сен тербеттің бабамның
Ақыл-ойы бесігін.
Пайғамбардың жасында,
Тірідей Көрдің есігін
Ашқанын жайдың жаһанға,
Аңыз етіп есімін.
Түркістандағы қылует,
Қүпиясы көп, сыры көп,
Көкейге құяр нұры көп,
Екі дүниені жалғаған
Жұмбақ көпірдің бірі деп,
Қанша ғасыр өтсе де
Сақтады сені құдірет.