29.09.2022
  145


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Күн сәулесін кою бұлт көлегейлеп...

Күн сәулесін кою бұлт көлегейлеп,
Қорғасындай төбемнен төнеді ой кеп.
Сонадайдан көзіме шалынады.
Таулар киген боз көйлек, көне көйлек.
Жер қуарып, шөп сиреп, су тартылған,
Дем шығады қапырық мылқау қырдан.
Ақ қан болып ауырған туған далам,
Айығасың сен қашан бұл қалпыңнан.
Өксіп-өксіп жетімек тал жылайды,
Қайғы жұтып, қарт денең калжырайды.
Алыс жерде өткізген бір жылым да,
Сенде өткізген бір күнге арзымайды.
Арқау болып келбетің көп өлеңге,
Қайта түлеп қырларың көгерер ме?
Дерттенсең де, қырық жыл өрт көрсең де,
Перзент үшін сендей жер жоқ әлемде.
Төздің туған мекенім сан азапқа,
Меңдеп алған дертіңе дауа жоқ па?
Келген сайын қан жылап жан-жүрегім,
Қайтып жүрмін қайғы алып қала жаққа.
Қасиетсізге қадірің білінбеген,
Жат жұрттықтар тәніңді тілімдеген.
Айғыз-айғыз аяулы жүрегіңді,
Өмір бойы емдеймін жырымменен.





Пікір жазу