29.09.2022
  216


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Алаша

Ауылымнан алдырған,
Үйімдегі тұмарсың.
Әжем марқұм қалдырған,
Сен бір асыл мұрамсың.
Сарғалдақтай сап-сары,
Сағынышы бар санамның,
Қызыл-жасыл, тоқсары,
Бояуы бар даламның.
Тасқа біткен түсті не,
Қынаменен боялдың,
Жатсам сенің үстіңе,
Туған жерде ояндым.
Ойға баттым не түрлі
Қасиетімсің төрдегі,
Ұшқыш кілем секілді,
Алып кеттің сен мені.
Көрдім асыл әжемді,
Көрдім туған өлкемді.
Көрдім тоғай, өзенді,
Жан-дүнием өртенді.
Беу, киелі алаша,
Асыл әжем тоқыған.
Жақындата түстің бе
Жүргенде елден алыстап.
Өлең жазып отырам,
Енді сенің үстіңде
Әруаққа бағыштап...





Пікір жазу