29.09.2022
267
Қонаққа шақыру
Жүр, достым, бізге қонаққа,
Қонақжай біздің бар ауыл.
Қарамай минут, сағатқа,
Алады күтіп Қарауыл.
Күн қаққан өңі тотығып,
Алады күтіп қырқалар.
Абайдың жыры оқылып,
Әміре әні шырқалар.
Өр Шыңғыс күтіп алады,
Құшағын ашып айқара.
Бетіңнен сүйіп самалы,
Көл шаралары шайқала.
Жайлауда – Абай, жаз барсаң,
Жидебай – қыста мекені.
Сан түрлі жырлар, саздар сан,
Қалмайды сенен екі елі.
Бөрліге барсаң егер де,
Мұхаңның ізін көресің.
Әйгілі аты әлемге,
Саған да таныс ол есім.
Ұлы Абайды да күлкі етті-ау,
Кей жандар өлең, жыр ұқпас.
Қынамен бетін бүркепті-ау,
Қодарға тиген қырық тас.
Әңгіме сөзге тартады,
Кездесе қалсаң, кім-кімге.
Бір көру үшін Арқаны,
Қалқа қыз, сен де жүр бірге.
Саған да ашық есік әр,
Менімен келсе жұпталғың.
Келіні болсаң несі бар,
Ұлы Абай менен Мұхтардың.