28.09.2022
393
Түнгі ертіс жағасында
Кемелер тоқтап, дегдіген
Қайраңға якорь лақтырды.
Ерке Ертіс балық-ернімен
Сүйеді шөп-шөп ақ түнді.
Жағадан жарқыл ұсынып,
Жұлдызды қала жайнайды.
Ай болса, айна түсіріп,
Толқындарменен ойнайды.
Ертістің отты көзіндей
Нұр шашып шамшырақтар да,
Құс жолы жатыр көз ілмей,
Оранып қара мақпалға.
Өзеннің келсең шетіне,
Көресің сурет әр қилы.
Су шашып түннің бетіне,
Толқындар шолп-шолп малтиды.