28.09.2022
  430


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Кітап туралы ой

Көрді де менің бөлмемді,
Көрші қыз қойды сауалын.
Кітапхана ма? – деуде, енді
Берейін сонын жауабын.
Жимадым дүние, теңгені,
Жинадым әлем Ай, күнін.
Толтырған орын төрдегі,
Кітаптар – менің байлығым.
Адамзат адам болғалы,
Болған жоқ мұндай құндылық.
Аңыздан туып арманы,
Шыңдығың тұрар шыңғырып.
Боранда ақын маздаған,
Атшана жегіп пар атқа.
Үзіліп кете жаздаған,
Үміт тұр анау парақта.
Қазақтың даусы түн жарған,
Іздесең атамекенін.
Оқып көр оттай жырлардан,
Сағыныш деген не екенін.
Санаңа сенің керегі,
Оңаша ойға шомғанда.
Тарихтың алуан дерегі,
Тұнып тұр анау томдарда.
Кітаптар бастар аспанға,
Найзағай жарқылдары да.


Қайғылы, мұңлы дастан да,
Қуаныш толқындары да.
Бір кітап айтар ертегі,
Үңілген зерек балаға.
Бір кітап сені ертеді,
Сағымы жүзген далаға.
Бір кітапты ашсаң самғайсың,
Жұлдызды ғарыш төсіне.
Бір кітапта уақыт арнайсың,
Ауылдың айлы кешіне.
Мұхитқа бастап бір кітап,
Түсірер теңіз түбіне.
Көбелек қуған, бір кітап,
Оралтар бала күніңе.
Бір кітап болжал айтады,
Маңдайдан тері моншақтап.
Болашаққа барып қайтады,
Оқыған адам сол шақта-ақ.
Батырлар жыры – айқын үн,
Ер елге берген сертті тап.
Аспаннан түсті дейтұғын
Қасиетті мынау төрт кітап.
Кеудеңе керуен көш құйсын,
Бір кітап бағзы бабаңнан.
Жыраулар даусын естисің,
Есте жоқ ескі заманнан.


Ұқсатам алтын көпірге,
Кітаптар асыл бағым да.
Қосылып кетті нөпірге,
Мен жазған кітаптарым да.
Жеткізген күйді, әнді де,
Ескен жел, жауған жаңбыры,
Жазылып қалды мәңгіге,
Қаншама жанның тағдыры.
Бір бұлбұл қонса бұтаққа,
Селт етер дүние кейде осы.
Сомдалып қалды кітапта,
Сан алуан адам бейнесі.
Қарыздармын кітап алдында,
Санама нақыл қонса да.
Қаншама сезім бар мұнда,
Бар мұнда ақыл қаншама.
Жеткізген биік, тереңге,
Алланың сөзін бір рет.
Болмайтын шығар әлемде,
Кітаптан асқан құдірет.





Пікір жазу