28.09.2022
  314


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Тараздың сұлулары

Хафиз сүйген Тараздың сұлулары,
Бұлаң қағып барады бұрымдары.
Қазақтың қыздарындай қайдан болсын,
Ұрымдағы арулар Қырымдағы.
Жалт қараса жанары оттай жанған,
Жігіттердің жүрегі соқпай қалған.
Диірменнің тасындай шыр айналған
Дүниенің өзі де тоқтай қалған.
Сұлулары-ай Тараздың сұлулары-ай,
Көрмей жүрген екенмін бұрын қалай.
Көз тоқтатсаң, ай маңдай ақ жүзіне
Тұла бойың қала алмас
шымырламай.
Алма мойын, шие ерін,
гүлдер айым,
Жерден көрдім аспанның
Күн мен айын.


Арулары Тараздың – Ақ қайыңдар
Ақ қайыңды орманға бір барайын.
Бөтен көзді шәй көйлек тұр өткізбей,
Мен қайтейін сөзбенен сурет тізбей.
Қалам қасты, ай қабақ, күміс кірпік,
Жүрегіңді қоймайды-ау дір еткізбей.
Беу, қыздар-ай, жырымды төкпелетем,
Көңілімді көркіңмен көктем етем.
Ұлы Хафиз бір кезде ғашық болған,
Хас сұлулар бізге де жеткен екен.





Пікір жазу