28.09.2022
  136


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Басыңды жағалауға таласа и де...

Басыңды жағалауға таласа и де,
Толқыны Алакөлдің ала сүйре.
Балапандарымды алып кеп орналастым,
Қарлығаш ұя салған ағаш үйге.
Беу менің жанға дауа,
Алакөлім,
Ұсынып тұр-ау саған дала төрін.
Кім білер құшағыңа сүңгіп алып,
Сенде ішкен шайдың өзі бал екенін.
Айдының аспандайын мөлдіреген.
Аралың жұмбағы көп – ол бір өлең.
Шақырып менің асқақ қиялымды,
Алыстан жалғыз желкен желбіреген.
Үп еткен самал ессе үлбіреген,
Үркектеу қайық қалқыр – бұл бір өлең.


Кеш бата қызыл-жасыл боянады,
Жағаңа жайғасқандай мың бір әлем.
Барасың жылдан-жылға абаттанып,
Көңілім тыншыр сенде тағат тауып.
Адам боп келіп, Құсқа айналғандай,
Қайтамын Алакөлден қанаттанып.





Пікір жазу