27.09.2022
  374


Автор: Мыңбай Рәш

Батыр Баукең

I
Шүу, тұлпарым,
Жүрісіңді байқайын.
Шайқастарды шабытыммен шайқайын,
Хас батырдың сомдап сұсты бейнесін,
Отқа оранған отты жырмен айтайын.
Көзбен көріп батыр ұшқан ұяны,
Бірге асайын құрсау шатқал қияны.
Бедірейген Волоколам тас жолын,
Тозаңы ұшқан құстар салған ұяны.
Шепті шарлап, шегінуді білмеген,
Қабысайын Баукең сөйлер тілменен,
Қауіп-қатер, үрей-сүрей дегенді
Батыр сынды қаперіне ілмеген,
Жарты сүйем жауды алға бастырмай,
Тарпа бас сап, ауыздарын аштырмай,
Қапылыста қалам құрғап қалмасын
Сумаңдаған жаудың сұрқын қаштырмай.
Шүу, тұлпарым!
Көсіл!
Алға арында.
Суғарылып соғыс салған сарынға.
Қаула, лаула намысымен қазақтың
Жігерлілік жарасар жас шағында!
Мақтан етер Момышұлы аспанын,
Мылтық емес,
Қалам – менің аспабым,
Бағышталды ғасыр толған тойыңа
«Батыр Баукең» атты жаңа дастаным!
* * *
О, Бәуке, ай арындап, жыл жығыла
Бас ием мыс тұлғалы тұғырыңа.
Ғасырлық мүшел жасың құтты болсын
Асқақтап тұрған сұсты тұғырыңда.
Сұрапыл соғыс жайлы сыр есемін.
Мәжһүр боп жер жаһанға тұр есімің.
Мендағы жауынгері – жыр майданның,
Өзіңмен тірілердей тілдесемін.
Жайып сап майдандағы жоспарыңды,
Хас батыр қалдырғам жоқ достарыңды.
Бәйбішең – біздің Жамал апамызды
О, Бәуке, сөге көрме қосқанымды.
Сіз майданда жүргенде тылдағы біз
Бекер қарап жатпадық,
Жырларымыз
Өзіңіздей батырды бейнелеген
Тарап жатты жер жерге болып аңыз.
«Ақиқат пен аңызын» Нұршайықов,
Туындатты жазбауға мұрша бітіп.
Менде қалам тербедім. Дастанымды
Маржан сөзбен сомдадым түн сабылтып.
Жамал апам болатын сізді күткен...
Мен де орандым жүзжылдық мерейіңе
Төгілдірдің түскенін көмейіме.
Аруағың нұрлансын пейіште де
Тоқтайыншы жырға ерік берейін де...
Есте қалды «Ұлтым» деп жанатының
Несібең көп болды ғой алатұғын.
Тәуелсіздік кездердің кезінде де
Біздің Бәукең тәуелсіз болатұғын.
Құрық-мұрық дегенге ырық бермей
Батыр Бәукем асау боп қалатұғын.
* * *
Самғашы, сайра көңіл сандуғашы,
Шабыттың жыр нөсері, ағындашы,
Отты жыл жөргектегі жас нәресте,
Отыздан барады асып бүгін жасы.
Егескен ерлеріме елім үшін,
Самғаттым қиялыммен көңіл құсын.
Ұя сап жеңіс сарай шатырына,
Ұшырсын балапанын өмір үшін.
Ардагер армияның атыменен,
Атылған сиқыр салют отыменен.
Аспанға алқа тақса лағыл маржан,
Желпініп жеңіс жырмен отырмын мен.
Ай – маусым. Ашық еді аспан-дағы,
Тұтқиыл жан түршігіп, жас тамғаны.
Андыздай ағытылған бомбалардан
Талқан боп көкке ұшпаған тас қалмады.
Аулымда азаңғы шай құйылмастан,
Некесі жас жұбайлар қиылмастан,
Аттанды азаматтар қару алып,
Әжемнің көз жасы көл тыйылмастан.
Есімде түбіндегі Москваның
Ажалдың ысқырығы, ащы жалын!
О, ерлер, Ресей кең! Жол жоқ!– деп еш! –
Тажалдың танкін қарыс бастырмадың.
Есімде зеңбіректер гүрсілдері,
Қас жаудың қалған қаңқа, құр сүлдері.
Генерал Панфиловтан айрылғанда,
Сұрлана сарбаздардын, күрсінгені.
Ерліктің естім ерен мен ескегін,
Соғыстың тайғақ кешу белестерін.
Бақыл бол, ер Төлеген ел деп туған,
Көзіме кешегідей елестедің!
Отты көз, боздағым-ай қарыс маңдай,
Жауыңа атылып ең арыстандай.
Теңіздің толқынындай майда шашың
Тебісіп бір-бірімен жарысқандай.
Айқастың не қиямет ауыр жолын
Ағындат ақбоз атпен, Бауыржаным.
Қиында қара нардай қайыспас ер,
Қашан да риза саған бауырларың!
Таймаған нұр-жүзің бар келісті тым,
Желпіне жылда тойлап жеңіс күнін.
Жіңішке окоптардай маңдайда әжім,
Танытқан дарқан далаң кеңістігін.
Полкты отызыңда – жасақтадың
Бес рет Крюкованы босатқаның.
Есімде ер Жуковтан алғыс алып,
Жауларға жай оғындай сес атқаның.
Өтсе де жүз ғасырлар, мың ғасылар,
Қартаймас хас батырлар тұлғасы бар.
Полктің туын алып Мәлік батыр,
Орманнан шыға келсін – сырласыңдар! –
Ақиық сұңқары едің Зерендінің,
Мәшһүр боп қан майданда ерендігің.
Өрлігін «Оқжетпестің» дарытқандай,
Бейнеңді батыр Мәлік көрем бүгін!
II
Қырық бірінші жыл. Қаңтар.
Қорғанды жаудан Москва!
Толассыз жау оқ бұрқатар...
Айқасты асыл астана!
Қақаған мұз бен қар басып,
Рузаның сол бір өзені...
Жатты ерлер жаумен арбасып,
Қиын да қиын кез еді!
Жарысып, зулап, ысқырып,
Жай оты жанып түскендей.
Снаряд соқса ышқынып,
Дүрілдеп жан-жақ көшкендей.
Зеңбіректердің залпынан
Кеткендей аунап жерге аспан,
Қаһарлы қайтпай қалпынан
Сарбаздар биік белді асқан!
...Командир кенет... қаза боп
Ротаны Мәлік басқарды.
Алапат майдан. Маза жоқ,
Қиямет кезең басталды.
Қаңтардай суық жүздері,
Қоршауды бұзбақ солдаттар.
Ерлікке толып іздері
Қысылшаң шақтар қалды артта.
Бітсе де азық, оқ-дәрі,
Жауынгер саны азайып...
Басталды ерлік жолдары
Аңыздай айтар ғажайып!
...Қақаған қаңтар кезінде
Безеріп бір жол жататын,
Сүйел боп жаудың көзіне
Жанына сол жол бататын.
Сұрапыл сәтті сезгендей,
Тас жолы Волоколамның.
Жататын сұлық өзгермей.
Ашты жау соған аранын!
Жүрекпен, мимен жалғасқан,
Секілді күре тамырдай
Жатты жол. Кезең жау сасқан
Өтерге айла табылмай.
Жол үшін ені сырмақтай,
Батырлар біздің қарысты.
Москава үшін міз бақпай
Күні-түн жаумен алысты.
* * *
Шоңқиған жаудың пушкасын,
Жаратып мосы темірге,
Солдаттар шепте ішті асын.
Оралып жеңіс көңілге.
Тарының қою ботқасы
Талайға татым, қуат боп,
Әзілге толды от басы
Көңілде маздап шуақ көп!
Домбырасын ыңғайлап,
Төлеген алды суырып.
Жорықтан жолсыз көктайғақ,
Отырды достар «суынып».
– Кәнеки, Төлеш, Темірбек!
Басыңдар «Қызыл бидайға».
Тыңдасын ұйып төңірек
Серпілсін көңіл мұндайда! –
Деп қойды Мәлік тыныққан,
Бәрі де қолдап ротаның,
Отырды достар сыр ұққан
Бауырында сол бір жотаның.
– Несі бар, айтсақ айтамыз! –
Дескен-ді сонда қос арыс.
– Несі бар, тартсақ тартамыз, –
Әуендеп әнге қосамыз:
«Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай,
Қыз үшін түнде жүрдім көңілін қимай.
Қалмады баста бөрік, белде белбеу,
Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай.
Ахау-айдай,
Қызыл бидай.
Болғанша жарың жаман,
Па, шіркін,
Алсын Құдай!..».
Мәлік те қызып бүйірі,
Басты-ай кеп «Қызыл бидайға».
Ән менен жырға үйірі
Сезіліп жүрген ыңғай да!
– Соғыста жүрсе сән кетіп
Керегі не осы әндетіп? –
Деді бір солдат мін тағып...
...Көктайғақ мұзға төселген
...Тоғайдың сол бір шөмшегі –
Төсек боп мамық көсілген
Көтеріп жатты еңсені.
* * *
Отырды Мәлік баяндап,
Бұйрығын Момышұлының:
– Калмайық қапы баяулап,
Кешіктің – онда құрыдың!
Соққының мықты бір басы –
Бородинода байқаңыз...
Жаудың тұр «сс», «қу басы»
Құрытып соны қайтамыз!..
Төлеген. Баттал, Жұмажан,
Соңымнан кәні, еріңдер!..
Гриша тұрды жалма-жан
Сазайын жаудың беруге...
Айнала тастай қараңғы,
Жымыңдар жұлдыз көмескі.
Мәліктер кетіп барады
Баяулап асып дөңесті.
Күртілдек қармен сырғанап
Келеді аппақ киіммен. –
Тсс... қарауыл тұр қарап,
Сорайған анау имиген!..
Төбеден түскен аңшыдай
Мәліктер тобы білдірмей.
Күзетін жойды жолшыбай,
Қалды жау түк те үлгірмей.
Жаулардың үйін от құшып,
Орады жалын жалақтап.
Құтылмай фашист оққа ұшып,
Тырқырай қашты далақтап.
* * *
Сәске түс. Рота жылжыды,
Кезеніп алған автомат.
Тып-тымық, ашық, күн жылы,
Келе бір жатты сақ қарап.
...Темір өңеш тажалдай,
Таялып қапты танктер.
– Атыңдар! – деді көз алмай,
Бұйырып қату Мәлік те!
Граната дереу лақтырып,
Танкті Шашков жандырды.
– Жарайсың уа, батырым,
Сөйтші бір қараңқалғырды!..
Василий Шашков жаралы,
Кешікпей кетті қаза боп.
Жан-жаққа Мәлік қарады,
Түйіліп жауға ыза боп.
Арыстандай атылып,
Өшігіп, жауға оқталып.
Бетпе-бет келіп жапырып,
Жүр екен сарбаз Тоқтаров!
Болса да ауыр жаралы,
Жинап бір ақтық айбатын,
Қайсара жауға қарады,
Жұмсады қаһар қайратын.
Мен өлсем де, жігіттер
Өткізбес. Мықты тосқауыл!
Хош достар, жарқын үміттер
Таптаңдар жауды тасбауыр!
Жыр болып қалған артына –
Мерт болды. Жауды босты азап...
Бағыштап айтшы, марқұмға,
Тірілсін әнмен жас қазақ!
Маңдайда қара кресі,
Ентелей берді танктер...
Жаудырып оқты тіресіп,
Қасарды қайсар Мәліктер.
«Төлеген үшін! – деп, – Алға!»
Бойынан ерен күш қаулап,
Жарғышты шынжыр табанға
Тастай сап, Мәлік түсті аунап.
Жалақтап жалын бұрқырап,
Қос танк жанып дөңкиген.
Артына қарай тырқырап
Қалғаны қашты сол күймен.
Шыңылдап келіп гүрс еткен
Снарядтан жер сілкініп.
Допша ұшқан Мәлік сол сәтте
Қалды аунап бірер бұлқынып.
Өлім мен өмір егесіп,
Көзінің алды тұман боп.
Көтере алмай денесін,
Жетекші әлі тұрған жоқ...
– Командир? –
Жатыр тіс жармай,
Жыртылған тонның етегін
Суық жел жұла қашқандай,
Қар бұрқап жалп-жұлп етеді.
Өмірдің қимас елесі
Жанардан жайнап өтті ме,
Көтеріп әрең денесін,
Тістене тұрып кетті де:
– Тірімін! Достар, тірімін!..
Өзі ғой тұрған Мәліктің.
Қалмасын ізі бірінің,
Өшті ме үні танктің?!
Қолма-қол қызды тағы айқас,
Жетпестей тіл мен ой оған,
Ағарып жатты самай шаш,
Қызмет айқас бояған.
Тасбақадай тырбаңдап,
Танктер жатыр жанбастап.
Көтеріп қолын қорбаңдап,
Қаруын жатыр жау тастап!..
...«Соғыста ерен ерлікпен,
Ғабдуллин Мәлік өлді!» – деп,
Хабардар болып күдікпен –
Достары жүрген тым жүдеп.
Иә, солай естіп Капров
Жүр еді көптен жабырқап.
– Тірі екенсін, ғой, апыр-ау!
Құшақтап сүйді ол таңырқап.
– Танкпен... рас, тірестім, –
Деп жатыр Мәлік, – өлмедім!
Ажалмен қатты күрестім,
Өмір деп жандым! Сөнбедім! –
Ақырын ғана жымиды ер,
Өнбойы дода-дода боп.
Оқ тескен ол кез киімдер, –
Майданда кеткен «мода» боп.
* * *
Қаршыға қанат қасы бар,
Текше мұрт сәнмен жарасқан.
Ортадан асқан жасы бар
Ойлы көз – бейне көк аспан.
Чапаевпен бір өткерген,
Ерлігі аян сан қилы:
– Бауыржан, сені күткен ем,
Кел, отыр, – деді, – Панфилов! –
Жарайсың бауырым, Бауыржан,
Соғысу керек осылай!
Өнеге өшпес қалдырған
Жігітсің!
Жаса, досым-ай!
Бірақ та тізе бүгуді,
Түрі жоқ ойлар жау жағы.
Табысқа таспа бүгінгі,
Артыңда жатыр салмағы. –
Деді де оймен шолды ұзақ,
Картаға төніп тағы да.
Қарындашпен айғыздап,
Шүйілді жаудың «жағына».
* * *
Ұяға кеткен күн батып,
Төңірек тастай қараңғы.
Қасқырша ұлып, «тіл қатып»,
Құтырған қыстың бораны...
Тықсыра тығып ініне,
Нөсердей оқты боратып,
Бородиноның түбінде
Жау туын тағы құлатып.
Шылымың шегіп жайланып,
Сейілді бір сәт солдаттар.
Тарихқа ерлік айналып,
Қысылшаң шақтар қалды артта.
Сырықтай сұңғақ, бойы тік,
Соғыста пісіп, шираған.
Көрмеген майдан мойытып,
Достары дәйім сыйлаған.
Айырмай көзін газеттен
Жетпісбайұлы Балтабек:
– Жігіттер! –деді кенеттен, –
Сүйінші берсең айтам тек!
– Апыр-ау, ол не жаңалық?
Сүйінші әзір, келсеңші!
Солдаттар қалған қадалып:
– Бұлданбай айтып берсеңші!..
– Өздерің, достар, пайымда,
Ал, мықты болсаң біле ғой...
Политрук – Мәлік жайында
Жазыпты Борис Полевой!
Мәліктің нұрлы тұлғасын,
«Правданың» көріп бетінен.
Көтеріп көкке сырласын,
Шаттанды достар шетінен!
...Хас батыры қазақтың –
Ғабдуллин Мәлік туралы
Жазылар жырлар ғажап тың,
Арналар ақын жырлары.
Ардагер ұлды ардақтап
Айтатын аңыз салтымыз.
Әсерлеп, әрлеп, мадақтап,
Қастерлер қауым, халқымыз!
Аңыздар қандай тараған,
Ғабдуллин Мәлік жайында!..
Ардағын кімге балаған!
Ағыттым барын ойымда:
– Айтулы батыр Мәліктің
Төнгенде жауға қаһары,
Түк емес өзі танктің
Бар дейді-ау, оқ қағары!
Болса да бойда мың арман,
Майданға өзі сұранған.
Күтсе де қатер кіл алдан,
Қақ тіліп бәрін шыға алған!
– Мұз бүркіп, бұлтты айдаған,
Оқ атса, мүлтсіз дәл атқан.
Жолыққан жауы жайраған
Қайтпаған қаһар қайраттан!
– Төрт тәулік бойы аш жүріп,
Төзімін темір таратқан.
Ерлерге ерен басшы ғып –
Табиғат дерсің жаратқан!
Қоршауда қанша қалса да,
Қапыда қолға түспеген.
Қатерлер төніп тұрса да,
Қаһарын қайтпас үстеген.
Құйындай соғып кей мезет,
Жауына түскен жасындай,
Табанды, тапқыр елгезек,
Ғабдуллин Мәлік осындай!
* * *
Достардың сөзін растап,
Отырған жігіт манадан –
Гармонын сілтей құлаштап,
Әндетіп кетті Рамазан.
Дирижер болып Темірбек
Аспанда әсем ән қалқып.
Серпілген еді-ау көңіл көп,
Әсем ән тербеп, жан балқып.
Әншінің әні әуелі,
Басталып «Қараторғайдан».
Туған жер сая-мәуелі
Тамылжып тұрды таңдайдан...
Шырқалып сазды «Сырымбет»,
«Гәккуге» нәзік ойысқан.
Ән қалқып, баяу дірілдеп,
Сан-саққа толқып ой ұшқан...
Тебіренді Мәлік толғанды –
Салғанда әнші «Гәккуін»,
Кім білсін, әлде ол ойға алды
Бурабай көлді... аққуын!..
Ойға алды кербез Көкшені,
Зеренді... туған өз елін.
Балалық шағын көкседі,
Қайыңды бұлақ, өзенін?!
– Білсеңдер, – деді ол, – «Гәккуді»
Шығарған менің нағашым!
Айдында жүзген аққулы
Ән тербеп көлдің жағасын!
– Үкілі әнші Ыбырай
Жиенімісің, ау, Мәлік! –
Деп қойды бәрі жамырай, –
Ендеше сені тыңдалық!..
– Дегенмен, ептеп жұққаны
Нағашыңнан бар шығар.
Ортаға онда шық, кәні,
Кез келді жанды қамшылар.
Мәліктің енді өзі де,
Батырлық жырын қозғады.
Достары ұйып сөзіне,
Окопта өмір маздады.
Домбыра болып автомат,
Жыраудай Мәлік шертеді.
Жан қылын қозғап қат-қабат,
Өрнекті сөзбен ерітеді:
М ә л і к:
«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай.
Еңку-еңку жер шалмай!...»
Д а у ы с:
– О, бәрекелді!
– Қаптаған жаулар қоғадай,
Қасиетті жерден жоғалмай.
Көншімес көңіл,
Айт Мәлік,
Батырлар жырын доғармай!
М ә л і к:
Достарымды айтайын,
Айтпай, сірә, қайтейін.
Өңшең батыр алыптар,
Гвардия деген атым бар
Алдымнан танк өтпеген,
Артымнан фриц жетпеген.
Қарсыласқаны қансырап,
Сыбаға алмай кетпеген!
Оның бір несін сұрайсыз!..
А х м е т ж а н М ұ х а м е д и я р о в
– Беу! Мәлігім не дейді,
Мүдірмей сілтеп айта бер,
Батырлар біздің көбейді,
Өзің де соның бірісің,
Біз айтпасақ та айтады ел!
М ә л і к:
Оның бір несін сұрайсыз...
Ойымды бөле бермеңдер.
Сөзімді тыныш тыңдайсыз, –
Соғысты сұсты көргеңдер!
Д а у ы с:
– Әйдә, тыңдаймыз, сілтей бер!
М ә л і к:
Қолбасшы досым кім десең
Қырандай қырқа қараған.
Атағы көпке тараған,
Тұрқынан жау қорқатын,
Алып бір туған анадан,
Үстінде сұр шинелі,
Омырауы алтын түймелі,
Ту сыртынан қарасаң,
Дөнен бұқа шүйделі.
Төгіліп тұрған сөзі бар,
Түксиген бура қабақты,
Жарты қазан тамақты,
Жапырып жауды қайтқанда,
«Саулыққа!» деп сілтейтін
Кәрлен кесе арақты!
Оның бір несін сұрайсыз!
Достарымның ішінде –
Жан шақ келмес күшіне.
Қашанда каһар мүсінде,
Жаралған жаны дауылдан,
Тайсалу білмес жауыңнан,
Аттанған қазақ ауылдан,
Тайталасын тас жолда
Александр Бек мақтаған –
Момыштың ұлы Бауыржан.
Д а у ы с:
– Жаса, жаса, Бауыржан!
– Жаса, жыршы, Мәлігім!
М ә л і к:
Екінші досым кім десең –
Тумай аты жазылған,
Шаппай ізі қазылған,
Асылы нұрдан жаралған,
Айласы асқан адамнан,
Тәртіп те керек майданда,
Комсорг боп сайланған,
Жауды көрсе жайнаған,
Самұрық белгі кез келсе,
Алдына салып айдаған,
Кенепті кептеп аузына,
Қос қолын тас қып байлаған,
Кек алуын қоймаған,
Оның бір несін сұрайсыз,
Достарымның ішінде –
Қайтпас – қайсар күшінде,
Баукеңмен бірге аттанған,
Барлаушы болып бұрқаған
Балтабектей батыр бар!
Оның бір несін сұрайсыз!..
Д а у ы с:
– Жаса, Балтабек!
М ә л і к:
Енді бірін кім десең –
Автоматын жебеген,
Алыстан жауды сезеген,
Жусатып жауды жусандай.
Ерлікке даңқын бөлеген,
Соғыста күшін сынауды
Тағдырдан күнде тілеген,
Жау азығы болмаса,
Өз азығын жемеген,
Қарсы келген қаскөйлер
Қару етер демеген...
Бетпе-бет келіп қалғанда,
Жау басы доптай ұшатын.
Екпініне шыдамай,
Тістене жерді құшатын.
Оның бір несін сұрайсыз,
Достарымның біреуі –
Қомандирдің тірегі,
Жауына түкті жүрегі,
Елінің естіп ұранын,
Тоқтата тұрып кранын,
Соғысқа өзі сұранып
Риддер жақтан жөнеген –
Тоқтаров батыр Төлеген!
Д а у ы с т а р:
– Жаса, Төлеген!
М ә л і к:
Енді бірін кім десең –
Екі метр бойы бар,
Тұтқиыл тапқыр ойы бар,
Жағаласта жауларға
Көрсететін «тойы» бар.
Кеудесі шалқақ қақпадай,
Жаурыны жазық тақтадай,
Сілтесе қолы шоқпардай,
Маңдайының арасы
Екі қарыс, екі елі,
Каскаңыз сыймас шекелі.
Командир айтса болғаны –
Барлауға түнде кетеді.
Текедей бейне бақыртып,
Жауына үрей шақыртып.
Тұтқиыл ұстап, тіл алып,
Ротаға аман жетеді!
Оның бір несін сұрайсыз!..
Достарымның ішінде
Кімді айтқанды ұқтыңдар –
Василийдей1
мықтым бар.
Д а у ы с:
– Жаса, Василий!
– Рақмет, жыршы Мәлігім!..
Р а м а з а н Е л е б а е в:
– Мерт болған досым кезіне
Шығарған жаңа әнім бар –
(Жас келе қалып көзіне) –
Сол әнге құлақ салыңдар!
Әнімнін, аты «Жас қазақ» –
Жан досым жайлы Төлеген!
Жанымдай маған дос қазақ,
Еренім, ерім бөлек ең,
Телегей теңіз терен ең.
Д а у ы с:
– Қой, босама Рамазан!
Жарасын жанның жазар ән.
Р а м а з а н:
(гармоньға қосылып)
«Кар жамылған кең дала қанға бөгіп
Күркіреді сұр аспан өлім төгіп,
Жас қазақ,
Мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып кете алмай жас өмірден;
Асқақтаған арманға өрмелеген.
Жас қазақ
Жатты көзі от жайнап.
Қапысын тапқан зұлым-жау масаттанып,
Отыр еді өзіне мейір қанып,
Жас қазақ,
Атылды оқ боп көре сап!
Алтын шапақ, ақ иек атқанда таң,
Қалғанынша денеде бір қасық қан.
Жас қазақ, Жатты жауын жаныштап.
Сол бетінде жан берді ол тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны.
Жас қазақ.
Бәрің соған ұқсап бақ!
Ел қорғаған майданда жас арыстан
Тоқтаровтай артыңда қалар дастан.
Жас қазақ
Міне, саған мәңгі бақ!..».
...Тебірене тыңдап бұл әнді,
Жез таңдай әнші Жүсіпбек.
Ғабиден аға толғанды,
Талайлар ойға түсіп көп!..
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы:
– Кім кетпес ажал жетіп, тағдыр болса,
Өмірге ар мен намыс қолқа салса.
Мәңгілік өмір жасап өлмегені –
Батырдың ел аузында аты қалса.
Жалғыз батыр жалғыз жан
Майданға тұлға бола алмас.
Азынап жалғыз арыстан
Орманды билеп ала алмас.
Жалғыз батыр болғанша
Жалпы батыр болсашы.
Мен істедім дегенше,
Мың істеді десеңші.
Мың істеді дегенше,
Ер істеді десеңші.
Ер істеді дегенше,
Ел істеді десеңші!
Мен мыңдікі болмасам,
Ер – елдікі болмаса,
Кім істеді дер едің?
Д а у ы с:
– Баукеңнің сөзі мақалдай,
– Кімге енді кезек тақалды-ай?!
Майдандас достар ән шырқап,
Отырар ма еді таңға ұзақ,
Оқыста... тағы оқ бұрқап,
Кетпесе, әттең, жалғыз-ақ!..
IV
Новгород маңы. Қан майдан...
Ловать – өзен жиегінен,
Штабтан басқа қалмай жан,
Кейінге полк шегінген!
Қасат қар қанға боялып,
Сезілмей лебі көктемнің.
Фашистер қалған таянып,
Шайқаспен әрбір өткен күн...
Қасиетті туын полктың
Түсірмей жаудың қолына.
Атқыштар тобы Мәліктің
Тосқауыл болды жолына.
Болса да жаудың күші артық
Жүйкесін құртып қайтарып.
Ерлікті ерен ұстартып,
Маңдайдан соқты тойтарып.
Батырлар бағзы елестеп,
Мәліктің кейде көзіне,
Тіс қайрап жауға белестен.
Қарайды қату өзі де.
Біресе қиял ойға әкеп,
Қара қасқа атты Қамбарды,
Қайнайды өшпес бойда кек
Болғысы келіп Қобыланды...
«Қобыланды батыр айбарын
Майданда жаздым мылтықпен.
Қаламмен қашан толғармын? –
Тағатсыз жүрмін күтіп мен!
Қобыландыдай жыр-дастан
Төлеген жайлы толғасам –
Ескерткіш болар құрдасқа
Жеңістен кейін... қолға алсам!
Таптамақ емес көшемді
Қаскейдің қанды табаны,
Шерменде жүрген шешемді
Аялық ақ шаш ананы!
Жүрер ме ем, әттең, сайрандап,
Көкшеде кербез Сәкенше!
Алматым алдан жайраңдап,
Жап-жасыл бағын әкелсе!
Жаралған өлең отынан –
Қасыммен, ақын Саинмен...
КазПИ-де бірге оқыған –
Жүздессем шіркін, Тайырмен!..».
Осындай тәтті сезіммен
Орнынан Мәлік бір тұрды.
Құрыштай берік төзіммен
Батырлар алға ұмтылды!
* * *
Жұлдызды батыр өзімен
Жүрегін бірге ап кеткендей,
Аяулы ару көзінен
Елестеп жиі ол өткендей.
Батырдың жары әр уақ.
Болмаушы ма еді төзімді!
«Қолда, – деп, уа, аруақ!» –
Кешеуіл әр түн көз ілді.
Әскери іспен аз күнге,
Мәскеуге соғып қайтқанда,
Сүйікті болды ол, бәз кімге
«Сәулем!» – деп бір сөз айтқанда?!
* * *
Тағы да шайқас жан кешті...
Өлтіру! Өлмеу! Бағынбау!..
Тағы да жолды жау кесті,
Мәліктің тобы шағындау.
Қапысын тауып тағы да,
Соқты олар тура бүйірден,
Қарамай жаудың санына,
Бүркіттей бүріп, шүйілген.
Қарайды Мәлік жан-жаққа,
Оңай ма жүру тоғайда: –
Жаралы қалған жан жоқ па?
Ту қайда, әлгі, ту қайда?!
Болса да әрбір солдаттың
Өзіндік жеке анасы,
Бір ана алып – ортақ қой
Ол ана – Отан панасы.
Сол ана қиын-қыспақта:
«Бәрі де Отан үшін!» – деп.
Жығылмас туын ұстатқан,
Сүйелік соның үшін де!
– Политрук, саспа біз барда,
Біргеміз, баста!
Өзіңмен.
Алынбас қамал, құз барма?
Біргеміз – темір төзіммен!
Айналдым, достар, сендерден
Айналдым абзал бәріңнен.
Сілесі қатып сенделген
Зытты жау бұғып кәріңнен!
Шын бақыт деген осы ғой
Бір болу қиын-қыспақта.
Бір болу – көңіл хошы ғой!
Бірлікпен жауға тіс батқан!
Саяси басшы полкқа
Жауынгер Мәлік – ер Мәлік.
Жауларды жайпап жолыққан,
Қастерлі туды келді алып!
...Үшінші Украин майданы...
Күтеді хабар ел күнде.
Жеңістің туы жайдары
Таянып қалған Берлинге!
Батыры елдің сүйікті
Жау туын жықпай көншімес.
Құтқарса кеше Киевті,
Венамен бүгін көршілес.
Тазартып елін Штраустың
Түнегін түріп тозақтың,
Берлинге қарай ауысқан –
Хас батыры қазақтың.
V
О, батыр, ғалым, зиялым,
Жетелеп үлкен есімің.
Қарыштап жүйрік қиялым.
Ерліктің қақтым есігін.
Ес біліп, алғаш алғаннан
Ежіктеп колға әліппе.
Арғымақ ерттеп арманнан,
Бас игем саған – Мәлікке!
Өзіннен аға, аяулы,
Ақындар шабыт алатын.
Суретші таңдап бояуды,
Тұлғаңды әрлеп салатын!
Көргем жоқ бала шағыңды,
Кешкем жоқ отын майданның.
Дүрбелең дүлей дабылды,
Шабытпен бүгін ойға алдым!
Тереңмін деп еш таспайтын,
Қыз мінез сол бір қалыбың...
Амандық жақтан бастайтын
Аңқылдақ, абзал Мәлігім!
Шарладың ғылым мұхитын
Ғұлама ғалым Қанышпен.
Өзіңнен шәкірт оқитын,
Сол кезден едім таныс мен.
Хас батыр жырын толғадым,
Батырлар, қуан, бар таныс!
Қара қьшшақ Қобыландым.
Абылай, Қамбар, Алпамыс!
«Жалғыз деп аты – жаяудың»,
Жақсысын көрген өзгенің.
Өзім деп әсте, аяулым,
Болған жоқ айтқан кездерің!
Шығармай естен майдандас,
Достарыңды айттың – дөп айттың.
«Батыр ма елмен бір болмас, –
Қысылшаң шақта» деп айттың!
Аңызы азат елдердің
Берлинге дейін жол ашқан –
Жорығы жойқын ерлердің
Асып бір түсер Манастан!
Панфилов – сенің қолбасшың
Жеңуді ғана үйреткен –
Ақылшы аға, жолдас шын,
Ел үшін жанын пида еткен!
Дарқан ер, жаны – дауылдан,
Даңққа елін бөлеген.
Достарың сенің – Бауыржан,
Достарың сенің – Төлеген!
Достарың сенің Балтабек,
Достарың Шашков – есіл ер!
Тағы да тізіп айтар ек,
Жетеді ерлер, есімдер!..
* * *
О, батыр, бірге соғыста
Болғам жоқ қанша десем де,
Тағдырым бірге тоғысқан,
Кек қайнап әр үй, көшемде.
Майдан мен тылым тұтасып –
Қыранға біткен қос қанат
Кеудеде кектер ұштасып
Жауларды соққан қос қабат.
Әжем де жаулық жамылған
Қолың деп сенің тоңбасын
Тоқыған қолғап қолынан
Мүйізден салып таңбасын.
Атам да, күзде ай жарық,
Толтырып дәнмен қамбасын.
Қоятын сені ойға алып:
«Қарны ашып, сірә, қалмасын!».
Әпкем де – токарь – ұста боп,
Заводта саған жонған оқ.
Майданға әрбір станок
Тұрды ғой сонда тұтқа боп.
Соғысты өткермесем де,
Жүрегім тулап, дүрсілдеп.
Шомылып қайғы – нөсерге,
Ағалар қайда жүрсін, деп.
Ертемен тұрып, кеш жатқам,
Даусына диктор қарайлап.
Жауыма оқ қып кекті атқам,
Жүректе тулап, қан ойнап!
* * *
Екінші майда –
бар ғалам
Естіді жайсаң жеңісті.
Жалмауыз жоқ боп жалмаған
Той больш кетті жер үсті!
Жапырды жауды
Бітті кек,
Шірене басып шатырын,
Рейхстагқа ту тікті кеп
Рахымжандай батырым!
VI
...Академияның есігін
Айқара ашып сағынған
Мәліктің енді есімін
Ғылымның көрдік бағынан!
Батырлық қажет қайда да,
Ғылым да тілер өрлікті.
Кешегі батыр майданда, –
Қолға алды зпос – ерлікті!
– Махамбет, Абай, Мұхтар да,
Сүйгенді ерді ең мықты.
Санамен шәкірт ұққанда
Паш етті ерлік – елдікті!
Қанат боп әрбір кезінде
Ақылы Қаныш ағаның
Ұшырып түлек өзі де
Жаршысы болған жаңаның!
* * *
Лондон!..
Миллиондардың қалауы –
Ашылып алғаш конгресс,
Алпыс төрт елдің жалауы
Тулады сол күн, сол бір кеш...
Делегат болып елінен
Келген-ді сонда Мәлік те.
Көктеген көп-көп көңілден
Бұл-дағы алғаш әліппе.
Күндерге жарқын ұмтылған,
Толқыды сөздер жүректен!
Жаһанға жаңа күн туған –
Күндерді бейбіт жыр еткен.
* * *
Өрлігін Көкшетауының
«Оқжетпес» шыңнан алғандай.
Өзі де биік тау ұлын
Қастерлей білді ел қандай!
Арысы сен деп халықтың –
Депутат етіп ұсынды.
Өкілі қолдап бар ұлттың.
Қуаныш құсын ұшырды.
Қалаулы Мәлік төсінде –
Жоғарғы Кеңес жалауы.
Тағдырын елдің шешуге –
Түлеген жігер, талабы!
Ақылшы, әрі төреші
Отырар ұзақ іс шешіп.
Жетеді оған өресі,
Үкіметтің қастер мүшесі!
– Қайда екен Мәлік, қайда екен! –
– Жоқ боп тұр қазір ол мұнда!
Мәжілісте Мәкең ойда екен,
Кеп қалар... кеткен Лондонға!..
– Қайда екен Мәлік?
– Брюссельде!
– Қайда екен?
– Хельсинкиде ол.
– Шет елде... Иә... игі істерде...
– Бар ма екен?..
– Жоқ қой үйде ол!.
...Шоқтықты жыл мен айларын
Шомдырып өрлі өнерге,
Батыры ұлы майданның
Келген бір шақта кемелге.
Күңіреніп бір күй азалы,
Неге алды сонша мазаны?
Кім көрген мұндай қазаны
Тағдырға ол ма жазалы?!
Шомылып шерге шаңырақ,
Ғылымның үлкен ордасы.
Қалғандай бір сәт қаңырап,
Ғалымдар сипап ақ шашын,
Ақындар қалды аңырап –
Мәліктен мәңгі айрылды!
Мәлігін жоқтап жылайды
Тағлым ап, даусын тыңдаған –
Қанаты көптің қайрылды!
* * *
О, Батыр!
Ғалым, зиялым.
Ғаламға аян есімің,
Жете алмай жатса киялым –
Сұраймын, шыным, кешірім!
Тереңмін деп еш, таспайтын,
Жұпыны сол бір қалыбың.
Амандық жақтан бастайтын,
Аңқылдақ, абзал, Мәлігім!..
Күрсінші кербез, сән Көкше!
Зарланшы, зарлан, Зеренді!
Үзілді өмір ерекше –
Келмейді қайтып ол енді!
Күңіреніп көлдер торыққан,
Қан кешіп – қалған жорықтан
Ақ жұлдыз ақты кенеттен!
Аңдаусыз ажал жолыққан.
Жалындап жігіт– кезіңнен
Шығаңдап шыққан батыр шын.
Нұршуақ сөніп көзіңнен,
Ұйықтап мәңгі жатырсың!
...О, Батыр!
Ғалым, зиялым,
Ғаламға аян есімің.
Жете алмай жатса қиялым
Сұраймын, шыным, кешірім!
Майданда мерт боп ақыры,
Оралмай калған достарды
Ойға алдың ба, әлде, батырым,
Сызат жер неге жастандың?!
Шығар-ау, талай батырлар,
Көрер-ау, ұрпақ көзі оны!
Бірақ та ерек аты бар
Әркімнің бөлек өз орны!
Өзіңсіз батыр дастанның
Олқы боп беті тола алмас!
Жоқтайды сені достарың –
Мәлік боп ешкім жаралмас!
Біткен жоқ ерлік дастаным,
Бастадым мен тек бастауын,
Жалғасын ерлік...
жас қауым –
Жазады ақын достарым.





Пікір жазу