27.09.2022
  113


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Ақорда

Тарихым шерте ме ғұндардан күй бөлек,
Қабағын қар құрсап, кірпігін сүйген от.
Баһадүр бабалар, тұмарлап кеттіңдер,
Бөлінген іргемді найзамен түймелеп.
Жартасқа жаныған жарқылдақ қылышын,
Орданың асырған мәртебе, ырысын.
Балбалдар- ол менің жанымнан жақыным,
Көмусіз батырлар- ол менің туысым.
Қыл сапты қылышпен дұшпанды қуалап,
Ғасырлар құрсағын мекендеп жұрағат.
"Тәуелсіз ел болар, ақ ордаң кең болар"
Деп сөйлеп кетіпті қырық бір құмалақ.
Найзаға көтеріп нар елдің намысын
Түсірмей ажырғы, түн жортқан тау ішін.
Үрейлі түсінде жорыған жақсыға,
О, менің Еділжұрт жастанған арысым!
Әбілхаят суымен сусындап өлмеген,
Жанының жарасын ерменмен емдеген.
Жусанды жапырып, шідерге көнбеген,
Алашым, ақ ордам, не күттің, сен менен?


Бүгін де рухың, жалғасып жүр мұраң,
Кейдерде естіліп, "Елім- ай" мұңлық ән.
Жоқтаусыз батырлар, сені еске аламыз,
Музейден көрінсе, мұзсауыт, дулығаң.
Тарихын таңбалап, басына жастаған,
Байтерек секілді бастан бұлт аспаған,
Бабалар аруағы, ұрандап түрегел,
Баяғы Сарарқаң- бүгінгі Астанаң.
Ауздық шайнаған елінің жолында,
Шылбырын ұстатпай жауғада, момынға.
Кешегі бабалар, аманат тізгінің,
Өзіңнің ұрпағың, өзіңнің қолыңда.
Елінің ары үшін, білегін түреді ел,
Жерінің жаны үшін білегін түреді ел,
Бабалар аруағы, келіңдер, көріңдер,
"Аруақ- аруақ..." ұрандап түрегел!
Аруақ- аруақ...
Түрегел, түрегел...





Пікір жазу