27.09.2022
  108


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Ақындар

Өмірдің соңғы сапарынан қайта оралмаған еліне,
Ақ қайыңдар мен Емендерден, келер ме,
тосын ақпар?
Жүректауынан соғатын алтынкүрек желіне,
Өлім биін билейді күзгі жапырақтар...
Туған жер мен адам кіндігіне байланған дәнекер,
Бір ұшы естірткен жетім торғайдың шырылын,
Бір ұшы жер астындағы жұлдыздарға тәу етер,
Құрықтап жауқазын жырлардың құлынын.
Айнатұма бұлақтан жел есіп қабірде,
Әпербақан тірлікке айтты Ақын әттеңін!
Қарекет шындығын айтып беруге Тәңірге,
Күңірене оқиды ол Құдайдың дәптерін.
Шекпенді шемендер шерліге тақса айып,
Әмбеге бой бермей, күмәни күңкілге.
Ақынмын деп жауап береді ол қасқайып,
О дүниеде үш сұрақ қоятын Әңкір мен Мүңкірге!
Қасқыр өмір қансырап, жазылмай жарасы,
Құшаққа құлаштап ақынның азабын,
Шайырын жоқтаған туған жер, даласы,
Оқиды сәтсіз күн сәмбі тал ғазалын!


Шұбалаң, ақшаңдақ даланы кезеді сағым ақ,
Наласын айтуға адамзаттық ғасырға,
Ей, рухы маңайымда жүрген, бақытты аруақ,
Қайтып барып тост көтер Есенин ақынға!
Жер тортасын жамылған шағала шайырлар,
Өшірмеңдер жұмақ пен тозақтағы іздерді.
Соңғы сапардан қайта оралмаған
Емендер мен Қайыңдар,
Тағы бір сапарға аттанып кетпей,
Күтіңдер біздерді!





Пікір жазу