27.09.2022
  163


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Күй рахманқұл рухына

Ата,
Тіріліп келіп құдайдың бұзып жұмбағын,
Күй тартып берші, лақтырып өмір кебісін.
Кеудеме қатқан кетпектей қорқыт мұңдарым,
Күй тартып берші, ерісін.
Күй тартып берші, Қаратау неге қалғиды,
Оятшы, ата, Түркінің түмен баласын.
Еңбегін көрмей ерінің мына ел алжиды,
Сезбейді тағы жанына батқан жарасын.
Әулиелі елден әулие таппай қағына,
Мына ел тағы көмбеден тосты жабысын.
Күй тартшы, ата, күй тартшы, ата, тағы да,
Бұл ел әулие танысын.
Рухыңды іздеп ізі өшпеген жылдардан,
Қайтқым келеді мына өмірге шалқып бір.
Ізіңіз қалған сонау бұп- бұйра қырлардан,
Күйіңнің исі аңқып тұр.
Баспай жатпайды қарт Қаратаудың шыңын қар,
Кім құтылады оғынан тағдыр мергеннің.
Рухыңды іздеп сабылып жүрген бір ұл бар,
Ол менмін.


Іздедім таппай, кезіп те келдім елсізді,
Қалғыған дала, қайғы жамады жаныма.
Күй тартшы, ата, тауып алайын мен сізді,
Күй тартшы, ата, тағы да.





Пікір жазу