27.09.2022
300
Қобыз жыры
Күрең- күрең кеш мұңын бесік етіп,
Аспан нұрын көкжиек кешіп өтіп...
Қобыз үні шығысқа жетелейді,
Қызыл- қоңыр іңірдің есі кетіп!
Есі кетіп іңірдің батпайтындай,
Батпайтындай, сол түннен аттайтындай,
Ымырт мүлгіп тыңдайды, ақын жырын,
Дұғасындай тұмарлап, жаттайтындай.
Қобыз жыры- бел асып, Баян асып,
Байғыз үні бақсымен аяласып,
Сол бір күн, Көк тәңірі жерге түсіп,
Аспаннан кеткен дейді ай адасып!
Тынысынан жаңылып, шың құз алып,
Күнді ыза ғып, қобыз- жыр түнді ыза ғып,
Ақын ғұмыры мәңгілік болар ма еді?
Кетпегенде аспаннан жұлдыз ағып...
Жұлдыз ағып, құс жолын кесіп өтіп,
Шығыс түні тағдырын бесік етіп,
Ымырт үні, ақынның қобыз жыры,
Аспан нұрын барады кешіп өтіп!