Өскен жерге
"Өскен жерге симай кетіп барады,
Өскен жерін қимай кетіп,
Қимай кетіп барады..."
Тұманбай Молдағалиев
(Нұрғиса Тілендиевтің құлптыасындағы жыр)
Өскен жерге симай кеткен,
Өскен жерін қимай кеткен,
Жалғыз бейбақ сіз емессіз, Нұраға...
Ауыл қашпайды, адам қашады деуші еді,
Соған енді сеніп тұрмын, сірә да!
Керуен бұлттар тоғанағын көтеріп бел талған соң,
Жауын болып төкші дедім, ауылыма барған соң...
Бейіш жақтың бұлттарынан сәлем айттым
мен сізге,
Бұлттар ғана шекарасыз дегенді естіп алған соң...
Талай абыз сүйгісі кеп сүйе алмаған өмір бұл,
Беу, домбыра, күй кісінет, шанақтан күй төгілдір.
Аққу болып еркелесін сол бір сәтте мына әлем,
Гәкку болып көлге қонсын бақыт дейтін көгілдір.
Мұқағали күтіп алып, бейішке атың байланып,
Жүр ме екенсіз қанжығаңыз ән мен күйге
майланып,
Құштар болып, қия алмаған Алматының төсінде,
Құстар болып рухыңыз жүр ме әлде айланып?
Тарихта болады әлі не бір дүлей тасқындар,
Ақ иықта ұлиды әлі кокжалдар мен қасқырлар,
Мына дүние топан судан тоналады бір күні,
Дәл сол күні сіздер болып оралады аққулар!