27.09.2022
  163


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Орамал

Ақ көңілге жан едім жаны құштар,
Кеудем толы жанартау, жарылыстар.
Күнікей қыз, сезерсің, түсінерсің...
Үш нүктенің артында сағыныш бар!
Таба алмай махаббаттың бір ағынын,
Сенделуде, сергелдең мына күнім.
Күн астының күннен де сұлу қызы,
Мен сені сүйгеніме кінәлімін.
Жастығымның тұрғанда оты бейім,
Сүйгеніме мен неге өкінейін?
Елесіңмен жиегі әдіптелген,
Бір орамал тігіп бер, өтінейін.
Сағынышқа өртенер өзімдегі,
Бір күн жетер, сезбедім, сездім нені...
Сол сәт сенің әп- әппақ орамалың,
Сағыныш жасын сүртсін көзіндегі.
Тағдыр берген тарпаңдау сорға бола,
Өзіңді- өзің құртуға қол бара ма!
Қас қа ағып өледі мендік жүрек,
Орамалың қалады сол жағада...





Пікір жазу