27.09.2022
  103


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Екінші көктем

Жаңбырлы Алматы.
Таң атып үлгерді,
Ол туралы ойларға шомғандай көшелер,
Сұп- суық сөздерден тоңғандай көшелер,
Саина деп аталған сормаңдай көшелер,
Күтесің кімдерді?
Беймаза Алматы, басынан өткен көп,
Осылай бола ма жазылған пешене?
(Құдайға бір сұрақ: жасыңыз нешеде?)
Айғайлаған кім анау, жаңбыр ма, көше ме,
Бұл келген Екінші көктем деп.
Айғайы ол бөтеннің, таныстың күлгені,
Барады жанарға өткенім елестеп,
(Өткенде бүгіннің уайымын жемес пе ек?)
Қосылдым айғайға: бұл көктем емес деп,
Тек қана өріктер гүлдеді.
Естімейді Алматы жаңғырық, бар аңғар,
Біреулер мұңайды, жат болып өз елі,
Біреулер жылайды, өртеніп өзегі,
Қаңғырған Құдайлар көшені кезеді,
Бақытсыз Алматы-ай, бақытсыз адамдар!


Жаңбырды көтеріп, сәуірдің желі айдап,
Тағы да солай деп жазылған пешене,
(Құдайға бір сұрақ: жасыңыз нешеде?)
Алматы орнында, орнында көше де,
Қалқатай, қалайсың?
Келемін сені ойлап...





Пікір жазу