27.09.2022
  108


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Уәде

Күнім, бәрін сезбеген боп қала бер,
Мен бір күні аспан жақтан келемін.
Мені алқаш боп кетті деп жүр тамам ел,
Өзім де оған сенемін.
Маңдайымнан меңдей бақыт тайқыпты,
Пешенемде сордың иті қыңсылар.
Мені біреу қияли деп айтыпты,
Ол да, бәлкім, шын шығар!
Ескі бақта қалды дейді гүл солып,
Көктем қайта басымызға қонар ма?
Мені ауырды депті елдер жын соғып,
Күмәнім жоқ оған да.
Еш ақылды санатыма қоспадым,
Көп азғырды мені күдік сайтаны.
Мені ақымақ деп айтыпты достарым,
Олар да рас айтады!
Сенесің сен, жүзің содан жүдеулер,
Менде жүрмін сол сөздерге көпіріп.
Сені ұмытты десе бір күн біреулер,
Сене көрме, өтірік!





Пікір жазу