27.09.2022
  101


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Сағыныш

Изенді даланың иісті ерменіндей,
Иілгеніңді сағындым.
Жапырақты ұрған жауынға қарап,
Күйінгеніңді сағындым.
Хабарсыз жанның хабарын күтіп,
Сарылғаныңды сағындым.
Толқын да толқын тұнық мұңдарға,
Малынғаныңды сағындым.
Бозаң беткейдің бүлдіргеніндей,
Еріндеріңді сағындым.
Әлдебір мұңға жүзіңіді жуып,
Егілгеніңді сағындым...
Еркелеп тұрып жымия күліп,
Қарағаныңды сағындым.
Қайғыға малған қара шашыңды,
Тарағаныңды сағындым.
Қас өзенінің қаламшасындай,
Қиғаш қасыңды сағындым.
Мөп- мөлдір болып тамып кететін,
Қимас жасыңды сағындым.


Шеңберге симас шексіз мұңыңмен,
Қиялдарыңды сағындым.
Кірпіктеріңе күлкі қондырып,
Ұялғаныңды сағындым.
Сағынбадың деп бұртия қалар,
Сол бір кезіңді сағындым.
Кеудеме үміт отын жағатын,
Мөлдір көзіңді сағындым.
Біздерді баққа қауыштыратын,
Көктемнің әнін сағындым.
Күнікей қыз- ау, күнәсыз күлкіңді,
Барлығын, бәрін сағындым...
Сағындым!





Пікір жазу