26.09.2022
  146


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Сөз және ауыл

Қып- қызыл тілдерден сөздердің исі аңқып,
Атамыз шежіре шертетін үй салты...
Баяғы ауыл сол, сол таудың етегі,
Тұманмен аралас тұратын күй шалқып.
Қарт абыз қолына ап түлкішек тұмағын,
Сөздері қайырып көздердің сұрағын.
Ертеде дейтұғын кім тілден таймаса,
Сол көрер дейтін- ді ана өмір жұмағын...
Сол сәтте бір інім былдырлап бөсед кеп,
Сол сәтте, бір ағам өзінше кесектеп:
"Қойшы, ата, дейтұғын, қойшы сол аңызды",
Апамыз сол сәтте сыбырлар "шешек" деп...
Ауылдың боз түні, боз таңы осылай,
Ауылдың өз тілі, өз қаны осылай...
Апамыз айтатын "Ертөстікті" естіп ап,
Төрт- бес ұл жатамыз далада шошымай...
Ал бүгін ойласам, ойласам, ал бүгін,
Соның барлығы, барлығы сөздер ғой,
Қара қал тілдердің ұшында ойналған,
Соның барлығы, барлығы ойлар ғой,
Қара жал ғасырлар миында ойланған.


Қоржындай тоналған, жоғалған қанымен,
Сол ертек күндерді сағынам тағы мен...
Түсіме кіреді сол ауыл, сол бөктер,
Мұғжиза сөздерді сағынам әлі мен...
Ал бүгі, қалада бозғыл мұң, сол үміт,
Адамдар аузынан сөз емес, бөз емес,
Атын да айтуға келмейтін беймәлім нәрселер
төгіліп...
Түн құшағына сия алмай жатамыз,
Жанымыз ауыр бір мұңдарға көміліп...
Қаланың түндері- күнде де осылай,
Қаланың күндері- түнде де осылай...
Үреймен оянып, сағынып жатамыз,
Баяғы күндерді ұйықтайтын шошымай...
Біз солай сөздерге еркелеп ерке өстік,
Біз сол бір кездерге ерке боп ерте өстік...
Сағындым ауылды, қайдасың, абыз қарт,
Қайдасың, әжетай?
Қайдасың, Ертөстік?





Пікір жазу