26.09.2022
141

Ауыл
Құмалаққа түсіре алмас ешбір бақсы, көріпкел,
Бара алмайтын маңайына сөз тасыған көліктер,
Қиырынан қаңқу- қаңқу шулап жатар өліктер,
Ол- біздің ауыл!
Құс жолынан түн иіріп,
жұлдыздардан үйірді айдап,
Ауыздыққа ай шайнатып, қанжығаға іңір байлап,
Қара түннің көкірегінен шауып өткен
құйындай нақ,
Ол- менің әкем!
Құлындарын ойлауменен
өткеретін жылын да аман,
Оңашада жаулығына сағынышын сығымдаған,
Жарқ- жұрқ еткен жай отын да
жақсылыққа ырымдаған,
Ол- менің анам!
Жалаң аяқ жартас кезіп, аумайтұғын тау ұлынан,
Сезбейтұғын қайғы- мұңды,
Білмейтұғын жаны күмән,
Көп жоғалса, табылатын көк асаудың бауырынан,
Ол- менің інім
Ет жүрегін езіп- езіп, сағыныштан жаны қалған,
Пері көшіне ілесем деп адастырған сағым арман,
Жүрегінің орнына туған жерін салып алған,
Бұл- мен!