25.09.2022
  113


Автор: Олжас Сәндібек

Қылыштай нұры...

Қылыштай нұры
бүкіл əлемді тілімдеп
Күн шыққанмен күлімдеп
Жеңілген жаудай ымыртта
Батады қайта дірілдеп
Ұзақ түн жатып
таң ата ғана көз ілем
Өзімді жалғыз сезінем
Есітіп, көріп, білмейтін
Мəңгүрттің нағыз өзі ме ем?
Қажытты мені
бітпейтін мына тірлігім
Ертеңін болжап білді кім?
Өзімнен-өзім күйінем
Жалғанның айтып шындығын
Түртінектеймін
түре алмай түнек түндігін
Шертіледі сырлы мұң
Өріледі жыр бұрым,
Бұл жайымды бірақ та
Өзімнен басқа білді кім?..





Пікір жазу