25.09.2022
  169


Автор: Олжас Сәндібек

Жазылмаған хат

Хаттар,
хаттар,
хаттар қандай аяулы,
Хаттар жазған шақтар қандай аяулы.
Сол хаттармен қаншама арман көз іліп,
Сол хаттармен қаншама үміт оянды.
Аңса жүрек,
ең аяулы кезді аңса,
Тағдырыңда бір ғажайып кез болса.
Жазылған һəм жазылмаған сол хатта,
Айтылған һəм айтылмаған сөз қанша.


Бастан нені
өткер мейлі не көрме,
Тағдыр жаққан сезім оты сөнер ме.
Жұптарының жазылмасын сезді ме ол,
Жазылмаған сол бір хатты берерде.
Жаза жүріп
ғашықтықтың өлеңін,
Көп іздейміз шын сүюдің себебін.
Махаббаттың ұлылығы екен ғой,
Ұлылардың махаббаты дегенің.
Бақыт жолы жақын ба,
əлде жырақ па,
Жеттік пе, əлде жетпедік пе мұратқа?!
Өзгелерге тапсырдық біз қанша хат,
Өзімізді тапсыра алмай бірақта.
Махаббаттар көп пе бізде
пəк, көркем,
Сол сезімнің əнін айтып жатты өлкем.
Екеуінің жүріп өткен жолдары,
Біздер үшін жазып кеткен хатпен тең.
Сол хаттардың
бегзадасы-ай, асылы-ай,
Жылдар өтті жар сүйегі жасымай.
Махаббаттың хатқа сыймас тарихы,
Өмір бойы жазылады осылай.


Асау жүрек
көніп сезім ырқына,
Сүю жайлы аңыз қалды жұртына.
Болашақта жазылады бір дастан,
Дастан аты: «Димаш – Бибі Зуһра».





Пікір жазу