25.09.2022
  150


Автор: Олжас Сәндібек

Серік Томановқа

Жыр жазғанмын
ем болардай жарама,
Өмір жайлы
өзегімді өксіткен.
Бір газетте отыратын ағама,
«Тырнақ алды жырларым»
деп көрсеткем.
Жырымды оқып
жазып жүрген жаңадан,
Деді маған
«жан екенсің талантты».
Бірақ менен
күдіктеніп сол ағам,
Сенің қара кітабыңды
қарапты.
Зор қуаныш билеген жоқ
онда аса,
«Қандай ед» деп
сен жайлы оны тергеппін.
Есіміңді естігенім болмаса,
Кешір аға,
жырыңды оқып көрмеппін.


Аға,
Сен бір шыңға біткен
шынар ең,
Аңыз болған аузында күнде елдің.
Сен Таласта жүрген кезде,
мына мен
Сырдың сұлу жағасында
жүргенмін.
Құмар едім
жыр жинағын алуға,
Ақындарды оқып жүрдім
көптеген.
Бірақ, сол бір
мен тұратын ауылға,
Аға, сенің жалын жырың
жетпеген.
Кейін тауып
көп оқыдым, ой түйдім,
«Пəруана» кітабыңды
жастап түн.
Сіз өмірден қоштасқаннан
кейін-ақ,
Мен
жыр жаза бастаппын.


Тағдыр
менің өздеріңдей бұрынғы,
Мойыныма
салмаса екен қамытын.
Аға, енді
сенің шыншыл жырыңды,
Жалғай алсам бақытым.





Пікір жазу