25.09.2022
  119


Автор: Олжас Сәндібек

Бір орамал бермедің кестелеп те...

Бір орамал бермедің кестелеп те,
Тағу қиын білемін тағдырға мін,
Суретің де қалған жоқ естелікке,
Естелікке
Сағыныш қалдырғаның.
Сағынамын, күн сайын сағынамын,
Елеңдеймін кездейсоқ кезігердей.
Түспесе деп бей күнə арыңа мін,
Сені ойлаймын,
жүрегім езілердей.
Албырттығың басылып алып ұшқан,
Көңіліңнің аспанын бұлт қамалап,
Екі көзің төрт болып сағыныштан,
Терезеңнен тұрмысың сыртқа қарап.
Қайта тұрып сүрініп,
құлап алып,
Сырлас таппай мен жүрмін ұғынарға.
Сенде жүрген боларсың жылап алып,
Көз жасыңды көрсетпей тірі жанға.





Пікір жазу