25.09.2022
  174


Автор: Олжас Сәндібек

Сен неге күрсінесің...

Сен неге күрсінесің
күнім менің,
Күрсініп өз-өзіңмен күбірледің.
Не жазып қойдым саған
алтыным-ау,
Неліктен көзіңде жас,
түріңде мұң.
Жырымдағы
кейіпкер қыздар үшін,
Маған əлде кетті ме
мұздап ішің.
Дəл кеудеңнің тұсында
от боп жанып,
Маза бермей бара ма
қызғанышың.
Жазылмайды күнім-ау
өлең босқа,
Бұл сөзіме шараң жоқ
сене алмасқа.
Өлеңімде
сұлу көп мен ұнатқан,
Өмірімде
сұлу жоқ сенен басқа.


Жырымдағы
Кейіпкер қыздар үшін,
Маған бекер налыма,
мұздап ішің.
Дəл кеудеңнің тұсынан
от боп жанып,
Мазаңды ала бермесін
қызғанышың.
Борайды өлең,
кей кезде борайды мұң,
Еңсесін мұң басқанын
қалайды кім?!
Ғашық болмай жүруге
дəрменім жоқ,
Солай күнім,
біздің жай,
солай күнім.





Пікір жазу