24.09.2022
122
Мені есіңе аласың ба?...
Сырлас таппай селсоқ болған шақтарда,
Көңіліңді басқан кезде баяу мұң.
Күн қызарып көкжиектен батқанда
Мені есіңе аласың ба, аяулым?
Тоңдырғанда тал бойыңды түнгі ызғар,
Аралағың келіп біраз ай ауылын.
Түнгі аспанда жымыңдаса жұлдыздар,
Мені есіңе аласың ба, аяулым?
Тысыры жоқ тыныштық боп жан-жағың,
Толқындамай тына қалса бар айдын.
Тынық түнде себелесе ақ жауын,
Мені есіңе аласың ба, аяулым?
Қол ұстасып құпия сыр ақтарған,
Құлағымнан кетпей қойды арайлы үн.
Ғашық көрсем қол ұстасқан бақтардан,
Мен өзіңді сағынамын аяулым.