23.09.2022
151
Бар болмысың кіршіксіз көрінетін...
Бар болмысың кіршіксіз көрінетін,
Жанарыңнан айналдым мөлдіреген.
Тілден емес, жүректен төгілетін,
Мен саған жазсам деп ем мөлдір өлең.
Əнім болдың сен менің төгілмелі,
Сені көрдім,
өмірдің таңын көрдім.
Ең бақытты жанмын мен өмірдегі,
Құдай қолдап сен менің бағым болдың.
Сен арқылы сүйкімді мына ғалам,
Сен туралы бұлбұлдың мақпал əні.
Жолы қиын жан едім, мына маған,
Сен қарадың, содан соң бақ қарады.
Өлең қылып жазармын шырын ойды,
Бір мезетте хақым жоқ дамылдарға.
Сені жырлап өтермін ғұмыр бойы,
Сені сүйіп өтермін жаным барда.