23.09.2022
  130


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жалғасы бар тойымның

Айбынды еңбек аптаппен жұлқыласып,
Қуанышқа кеткендi шырт ұласып.
Тұңғышыңның, жан әке, құрметiне,
Тамыз тойы дүрлiктi шұрырасып.
Шөп науқаны шақырып тұрғанда алдан,
Жанарыңнан жәудiреп тұнған-ды арман:
«Ұлым мектеп есiгiн ашқалы отыр.
Қайтып келiп шақырам кiм бар қалған?» –
Дедiң де әке ұзадың жолға асығып,
Тоқтата алмай шарқ ұрды алғаш үмiт...
Ертесiнде табиғат қайғы „келдi,
Тойға әкелген шашудың жалғасы ғып.
Қоштаспап – ек,
Қоштасу құрсын әрi,
Жиырма сегіз жас деген қыршын әлi
Бәлкiм, маған Зайсанның тұнығынан,
Мөлдiрлiк, пәктiктi iздеп жүрсiң әлi...
Қайғы азуын итерiп тiстеп алған
Қызың келдi өмiрге iште қалған.


Көздiң жасы қопсытып күйген бақты
Армангүл боп гүлдедi iштегi арман.
Қырсық бiрақ, күшейдi қаталданып
Қай бағытта жалғамақ сапарды анық...?
Армангүл де жыл өтпей тым асығыс
Әкемiзге әкеттi атамды алып.
Төзе түстiк,
Түнердi ақша тамыз,
Төзе түссек нәубеттi ақсатамыз.
Кеткен ұлға кенжесiн көрсетем деп
Кете барды осылай жақсы атамыз.
Мен де осылай өмiрдiң сындарында,
Сүрiнсем де күймеппiн мың жалында.
О, Тәңірiм, қуат бер,
Ұлы тоймен
Әке арманын жалғайын гүлзарында!
Көз жасымен қайғысын жуа алмаған
«Тойлатамын!» дегенде уанды анам.
Жеңер шақта қаралы қағаз алып,
Анам туғанда – анасы қуанбаған.
Қуану да анама арман едi
Бар жақсысын тойға ол да арнап едi.
Тойға асығам,
Бiлмеймiн, қандай бақыт?
Шаттығына жамағат жалға менi!
Алғысым көп, жанымды демегендер,
Қонағым бол , кең пейiл, кемел ерлер,
Мен дайындап жатқан бұл ұлы тойға,
Жете алмаған Жұмекен,Төлегендер.
Кел, ағайын!
Кел, достар!
Кел, өрендер!





Пікір жазу