23.09.2022
  141


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Қажытай ағаға

Ноқта сырын ат түгілі, айғыр ұқты,
Бұл ұғымның жібіне тай да ілікті.
Танытса да аламан сәйгүлікті,
Танытпайды кейде оған сай қылықты.
Намыс қана илікпей қамшыға әлі,
Ар көзінен ақиқат тамшылады.
Әділетті мысқылмен аршығалы
Тұяғыңа оралып шаң шұбады.
Болмағандай жадырап мұндайда түк,
Жаның жырдан жатса да мұң қайнатып,
Сұлу саздың көзіне күнді ойнатып,
Қиялыңды жаңғырттың сырнайлатып.
Дәл осындай мұқалмас дені мықты
Жампозына жалғаса ел үмітті,
Жүйкесімен қайыспай көтерсін деп
Берген шығар Тәңір де серілікті.





Пікір жазу