23.09.2022
  136


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жiбек жолы

(әнi бар)


 


Маңғаз дала миықтан күлген,
Мұң көңiлдi жұлмалап ашып,
Үмiт тербеп ұйытқан жырмен
Көш келедi ырғала басып.
Тәңірiне таңданатындай
Босқын күдiк меңдеп барады.
Бөз артылған нар ғана тынбай
Боз даланы тербеп қалады.
Көш қарасын қаңғыртты шағыл,
Төгiледi лаулаған аспан.
Ақша құмның албырт құшағын
Ақ сағымдар қаумалап ашқан.
Iзет қылып iзгi алғысқа сыр,
Аңғал арман күлiп қарады.
Керуендей мұз жарғыш ғасыр
Тас тарихты тiлiп барады.
Қаратаудан қап-қара шеру
Қарауытып, Сырға беттеген.
Жол қожасы жатқа да сену –
Жұмбақ шығар жырлап өтпеген.
Боз інгеннің кермегін еміп,
Боздайды әлі бозарып аспан.
Бағзы дәуір керуеніне еріп,
Барады өмір базары қашқан...



1989 жыл.





Пікір жазу