Заманбек, Алтынбектер...
Әділеттің құлы едім, қаны – қазақ,
Сондықтан да кемірді қалың азап.
Мақтау, даттау болғанмен жаныма жат –
Шешімі жоқ зұлматтың бәрі ғажап,
...Соңғы демі шындықпен қатар ұшқан,
Ғайып болды қанатты екі арыстан.
Өлмес еді...
Мезгілді қисынсыз ғып
Жаратпаса Хақ деген қатал ұстам.
Әділеттің ығына бой жасырып,
Барасыңдар, боздақтар, қайда асығып?
Бір-біріне «пас» берген ойыншылар
Бүгіп қалды шындықты айла асырып.
Көзқарастар таласа әр тұсыңда
Өлшенбейді шындықтың нарқы сында.
Екі арыс та жалғады тарих көшін
Бітіспейтін топтардың талқысында.
Басқан ізін шаң емес, нала көміп,
Тоқтатпады жорығын «қара көлік».
Тірі әділет тірліктен тұрақ таппай
Арыстардың көзінде барады өліп.
Пенделігі жоқ қазақ әуелде түк
Енді өзіне жармасты,
Жау ел кетіп.
Уақыттың тағы да есі ауысты
Адам жанын нарыққа тәуелді етіп.
Бастан шіріп, мезгілді жылатты алаш.
Елім қалды жауапсыз сұраққа мас.
Ақиқат та, жалған да енді осылай
Ақыреттің көзіне тұрақтамас.