Бауыржанға
(Жалғыз iнiм – Кәрiпжанов Бауыржан
Әлiмғазыұлының рухына)
Жанарыңда тұншығып жарлы ауылың,
Сорлы сапар салмақтың салды ауырын.
Жыртық ойлар жай болмай менде жүрген
Бiр жүректi ықтап ек, жан бауырым.
Жүйкесiне арқандап бар азапты
Ауыл көшi бетке алды қала жақты.
Көздерiнен тамшылап жер киесi
Жердiң шөлiн қандырып бара жатты.
Құзға адасқан жалғыз үй – қыстағыңа
Жетпегесiн хат-хабар пұшпағы да
Алдырған ем алаң боп,
Қала құрғыр
Сыйдырмапты сенi де қыспағына.
Ауыз сусыз қыстақты жоқ кернесе,
Теледидар түгiлi тоқ көрмесе,
Алдырмас ем,
таусылып сiрiңкесi,
Қатынассыз боранға кептелмесе.
Алдырғам жоқ озбырлар қан бүрiккен
Арамызды бөлсiн деп мәңгiлiкпен.
Алдырғам жоқ,
Көшкенде қарақшылар
Тонасын деп жұрдай қып мал-мүлiктен.
Қайда түлiк тұяғы сайда тұрмас?
Құмай тазы, қырандар қайда сырлас?
Қиялыңды жеткiзбей кеттi ме екен
Сен жаратқан тұлпарлар бәйгi асырмас?
Озбырлықты өкшелеп өрт қылығың
Сыпырған-ед талайдың дерт-тұлыбын.
Төрт түлiгiң садақа қолды болған
Аман болса нәресте – төрт құлының.
Өкiнiшпен жанымды зерлесем де
Кеңiстiкке сыймадық мен де, сен де.
Жолықпаспыз,
тағдырдан табыт жасап,
Өзiмдi әкеп өзiме жерлесем де.
Заң қалды ма сенi iздеп мен бармаған?
Құтылмадым құлқыннан жем қармаған.
Миығымда мүлгiген Қорқыт көрi,
Иығымда қасiрет елдi арбаған.
Аңғалдығың алысып үркекпенен,
Пенделiкке пейiлдi тiркетпеп ең.
Елде жүрген екi аяқ, төрт аяқтың
Жампоз едiң тiсiне былқ етпеген.
Сақтанып ең қоршаған қасқырдан да,
Айдалаға әкеткен тасқыннан да,
Өлтiрдiк деп содырлар басқа ұрғанда
Тұрып кеттiң ес жиып қас қылғанда.
Мал торыған бейтаныс ұшақтан да,
Пышақтан да,
алдамшы құшақтан да,
Iрiден де,
iрiген ұсақтан да,
Бетiң қайтып тағдырың тұсатқан ба?
Биiк едi бойыңдай болмысың да,
Биiктiктен тағдырың толды сынға.
Нең бар едi жарылқап,
орға жықты,
Жарамсақтың әлдiсiн, сорлысын да?
Ғұмырымның әлсiздеу тынысы едiң,
Әлсiретiп барасың, iнiшегiм...
Бiр жаралған сенiмен жүрегiмнiң
Қақ айырды жүрегiн ұры сенiм.
Сүйегiңде тамтық жоқ шайқалмаған,
Көкейiңде не қалды айта алмаған?
Не сыр қалды булыққан жүрегiңде
Мәйiтхана кесiп ап қайтармаған?
Өкiнгенмен не шара?
Өттi бiр сын,
Өтпелi өмiр өксiтпей шектi бiлсiн.
Елге оралып қуанған өз әкең де
Жиырма сегiз жасында-ақ кеттi қыршын.
Мезi қылған мезгiлдiң тосқауылын
Ысырмақ боп ертiп ем,
Тосты ауылың.
Елге асықтың, тағдырың жеткiзбедi
Қош, боздағым,
Не көрдiң?
Қош, бауырым!
2001 жыл.