Абай ескерткіші
Күйiнсе де ол елiне, сүйiп көптi
Мiншiл көзге ел рухын биiктеттi.
Қозғалысты тербеген тебіреніс
Қозғалмайтын тасқа да сыйып кеттi.
Көшiргендей ғаламды нар шабыт бiр,
Дүниемен сырласпай тамсанып құр,
Тасқа біткен ғылыми қозғалыстар
Оң-терістің бәрін де қарсы алып тұр.
Төбесінде бүрсе де қамшы күліп,
Қытықтайды пәниді ар сұғынып.
Тылсым ойды тықсырып бара жатқан
Шырқын алды үрейдің таң шұбырып.
Қарсылықтар заңы бас бұрмайды анық.
Тас тұғырда ол көзді алдап тұрды ойланып.
Міз бақпайды дегенмен жер айналса
Ол да амалсыз барады бірге айналып.
Жайламаса жүректі нала тыныш
Ол да хақтан мұра боп қалатын іс.
Жаратылыс тамырын қозғап еді ол
Қозғап барады енді өзін жаратылыс.
Парасатты рухпен әрлендіріп,
Тұрғызғанда меңдеді нәрден бүлік.
Жаратушы өнерін дәріптеді.
Ақын жанын қопарған пәрменділік.
Жазығы жоқ тасты да қажап бүгін,
Табиғатқа көрсеттік тозақ түбін.
Ақын рухын бақилық тасқа байлап,
Пәнидің де қимадық азаттығын.
1994 жыл.