23.09.2022
  231


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Облыстар картасы

Балаларға арналған
Алматы облысы
Апортымен таң қылған
Алатаудың бөктері –
Желтоқсанда жаңғырған
Тәуелсіздік көктемі.
Хантәңірі – түсі аппақ,
Биігіңде бай қала.
Бар қазақты құшақтап,
Аймалай бер, аймала!
Ақмола облысы
Танытсын деп елдігім
Ұлттың асқақ дидарын,
Ақордаға мен бүгін
Көкше көркін сыйладым.
Оқжетпестей тым биік
Бәйтерек – тәж кигіздім.
Бурабайдай тұңғиық
Мұқитты әкеп сиғыздым.
Ақтөбе облысы
Білім мұнда дария
Ұшақ сырын үйреткен.
Ал, батыры – Әлия
Жаудың шебін күйреткен.
Батыс, шығыс – екі ара
Осы жерден беттесіп,


Асты-үсті шекара,
Жатыр сыртпен шектесіп.
Атырау облысы
Бекірелі, түйелі,
Ойпаттағы текті елім
Мақтанады киелі
Шыңдарымен төкпенің.
Атырау боп таралған
Жайық кетіп барады,
Шөл біткенді даламнан
Шайып кетіп барады.
Батыс Қазақстан облысы
Байтақ еткен даламды
Батыстағы мүйістен
Біріктіріп ғаламды
Қос континент түйіскен.
Еуропа, Азиям
Қазақ болып жаңғырып,
Екеуі де өз ұям,
Жасай берсін мәңгілік!
Жамбыл облысы
Фосфорымен әйгілі
Қаратаудың етегі –
Бауыржандай айбыны
Жеңімпаздар мекені.
Айша бибі көркімен
Ару Тараз нұрлана,


От Жамбылдың өртімен
Шабыттанып тұр дала.
Қарағанды облысы
Қаласы көп, кені көп
Орталықты меңгердім,
Жезқазғандай жері жоқ
Кейбір озық елдердің.
Орналасқан даламда
Көмірдің бас тұрағы,
Елім түгіл ғаламға
Жылу шашып тұрады.
Қостанай облысы
Амангелді бастаған
Ереуілдер есімі –
Бүгіңгі ұрпақ қостаған
Тәуелсіздік бесігі.
Астығымен өңірдің
Қарық қылған отанды,
Сапасымен темірдің
Таң қалдырған жаһанды.
Қызылорды облысы
Ел ырысын асырған
Ақ күріштің аймағы,
Ұлттың талай ғасырдан
Бұзылмаған қаймағы,
Көкке құлаш сермеген
Байқоңырдың етегі,


Дәуір мұңын тербеген
Жыраулардың мекені.
Маңғыстау облысы
Түбектегі ел үшін
Тарих болып Шерқала,
Бекет қолдап жеңісін
Азат болған ер дала,
Байлығым боп жарасқан
Мұнай деген теңізбен
Барша әлемге жол ашқан,
Каспий, сен де егіз бе ең?
Оңтүстік Қазақстан облысы
Біздің жақта күн ыстық,
Одан да ыстық пейілім,
Далам толы ырыс-құт,
Жүзімізде мейірім.
Бізде – қайсар Отырар,
Бізде Нұхтың кемесі,
Жүрегінде оты бар,
Ақ алтынды ел осы.
Павлодар облысы
Шекараның бабалар
Екі бетін жайлаған,
Мәшһұр сынды даналар
Ел ертеңін ойлаған.
Тұлғаларды түлеткен
Баянауыл бөктері –


Сұлтанмахмұт жыр еткен
Өнер, білім мектебі.
Солтүстік Қазақстан облысы
Болған жаттың қамалы
Орнағанша азат күн,
Енді азаттық тағаны
Қорғаны етті қазақтың.
Қазағы аздау болса да
Рухын әлем танитын,
Сөз қалдырды қаншама
Ғабит, Мағжан, Сәбитім.
Шығыс Қазақстан облысы
Мұхиттарға тым қашық
Еуразия кіндігі
Таң нұрына күнде ашық
Елдің Шығыс түңлігі,
Түсті метал шапағы
Жарқыратса келбетін,
Абай, Мұхтар атағы
Бір сілкіді жер бетін.





Пікір жазу