23.09.2022
227
Семей
Аңғал арман ұйытқан зарын дала
Емiзгенде уланған қарын-қала.
Кеуiп барады Ертiстiң екi iшегi
Сығып сыртқа таситын нәрiн ғана.
Қиялына қиянат неке құрып,
Миын сүздi мезгiлдiң теке-қылық.
Сырттағыны сыртынан сыбап тұрып,
Iштегi де кейде iштен кетедi iлiп.
Есерлiк пен естiлiк қанып iшкен
Семей деген паң қала, дарыны үстем.
Iште ауырған iбiлiс тағдырына
Жарты ғасыр болмапты жарылыс та ем.
Көлеңкесiн ұшықтап көп дуана,
Көкiрегi қондырса көктi ғана,
Қасiретке шомылып,
Семей де осы,
Қасиетке сүртiнген тектi қала.