Алғаш келгенде
С.Мұқановқа
Балалықтан бөлібеген еншіміз,
Бір қиялдың қиясында елшіміз.
Ойда жоқта «Сәбит ата Мұқанов
Қайтыс болды» деп жеткізді көрші қыз.
Алыптармен жүздесуді хош көрген,
Арманшыл ем, дүниеге кеш келген.
Сол кездегі сәбилер де ересек
Қош айтысып ұлы көшті ескерген.
Сөзі нәрлі, жүзіне де көз қанық,
Дүниеден тағы да бір озды алып.
Өскен сайын жүздесуге бұйыртпай
Алапат көш бара жатыр қозғалып.
Ұлыларды көрсем деген тектілік
Келер жылы Алматыға кетті іліп.
«Жазушылар қайда?» дедім шешеме,
«Ауырдым деп алдап келдім» деп күліп.
Жүрегімде жөңкіледі көп шырақ...
Шешем де жүр бар білгенін топшылап.
Тағы мені жұрт алдында «жерледі»,
«Қонаевты қайдан табам?» деп сұрап.
Үлгірмедім,
Сәбең кетті пәниден,
Керегі енді Ғабит, Баукең, Ғабиден.
Қонаевті көрсетпейді бізге ешкім
Коммунистік қырау көмген Ақ үйден.
Мұқағали дегенді де білмедік,
Ол қарайған топта болса бірге едік.
Әкем тірі болса, онымен
«жүз грам
қағыстым» деп қайтар ма еді бір келіп...
Вокзалға да бірер күнді тапсырып,
Қонған едік, бұйырмады жақсылық.
«Ауырдым» алдап келіп қалаға,
Енді жүрмін бар «ауруын» жапсырып...