Бекзатқа
Мыңжылдықтар тоғысын тойлаудан
бiр сағат бұрын қыршын кеткен жиырма
жасар Сидней олимпиадасының чемпионы,
боксшы Б.Саттарханов рухына.
Минуттарды шыдамы талап iшiп,
Мыңжылдыққа асығыс барады ұшып...
Кестi жолын аңдаусыз
Көкейдегi
Өкiнiштен секiрген қара мысық.
Даяр тұрған дәмiне көптi бұрмақ –
Жаңа ғасыр күтуде көп қыбырлап...
Кешiккенi несi оның?
Жолда, бәлкiм,
Кексе ғасыр перзентiн кеттi ме ұрлап?-
Мыңжылдықтар таласты,
Сынақ күштi...
Қарт Түркiстан ақтарды бұлақты iшкi,
Жиырма жасар тарланын бауырына ап,
Жиырма ғасыр еңкiлдеп құлап түстi.
Сiркiрейтiн бұлттардай тепкiлесiп,
Мыңжылдықтар, жылама, тек тiресiп.
Жұлдыз едi өзi де,
жолда адасып,
Бәлкiм, ғарыш көшiне кеттi iлесiп.
Көзiнде оның көмкерiп нала көптi
Аманатын арлы елдiң ала кеттi.
Көк аспан боп желбiреп Сиднейден
Көк байраққа жер бетiн орап өттi.
Байрақтың сол, көтерген дабысымды,
Өз қолымда аңдаусыз сабы сынды.
Естен тана құшам деп шабыттана
Қатты қысып алдым ба арысымды?
Кеудесiне күншiлдiң кек пiсiрiп,
Кек көбiгiн намыспен шетке ысырып,
Көк байрақты оранып көзге iлiнбей
Көк жүзiне тұтасып кетті сіңіп.