23.09.2022
  126


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Егемендік декларациясы шыққанда

(Алаңда айтылған жыр)


 


Уа, қазақ, өмiр iздеп отқа ағылдық,
Жасадық жарлық күтiп жатқа құлдық.
Атқа емес,
Арлымыз деп таққа мiндiк,
Топта емес,
бағымызды сотта бiлдiк.
Қазақпыз – мастандырған қызық арман,
Қазақпыз – қасиетiн бұзып алған.
Қазақпыз өздi-өзiне қақпан құрып,
Жанында желтоқсанның сызы қалған.
Қазақпыз өз бағасын өлшетпеген,
Заманның өнерi жоқ көрсетпеген.
Тарыдай шашқаны аздай тағдырыңның
Қалғанын тағы да өзi бөлшектеген.
Мiнгесiп әруақтың арқасына,
Аспанға өрмеледiк жорта асыға.
Жоқтарсың тағы қанша арысыңды
Лақтырып Батыраштың балтасына.
Сол кезде қандыбалақ тағы ысқырып,
Жатса егер қаннан бокал қағыстырып,
Құрдымға бiздi де ажал тентiретер
Мәңгүрт пен мәмбет қылып алыстырып.
Үлгiрсең үнiң ұзап таңға асады,
Арманның сөнер, бәлкiм, сонда ошағы.
Ақпысың, аламысың –
Ақыл сұрап
Қиналмай жағаңа ажал жармасады.
Уа, қазақ!
Бейбақ едiк iсi өнбеген,


Ұйқыңды аш,
зұлымдық тұр кiсендеген!
Басынды көтер тағы!
Халық едік –
Тарихтің табанында мысы өлмеген!



25.10.1990 ж.





Пікір жазу