23.09.2022
  108


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ит – тәуелдi. 1962 жыл...

(Әкемiз Әлiмғазыға)


 


Шүршiттерге,
бұл күндi күлiп күткен,
Қап барады түлiк пен мүлiк бiткен.
Қалдырмады жас жiгiт әйтсе де итiн
Қалт жiбермей тағыны жұлып түткен.
Аң бiткеннiң көзiнен сыр аңдаған
Түлкi тектес тазы едi бұлаңдаған.
Шекараның құт болып арғы бетi
Қасқыр түгiлi батпапты қыран да оған.
...Қасиетiн атажұрт тағы ұқтырды.
Құжат күтiп кезекте халық тұрды.
Бiздiң әулет иттi де шекарадан
Жан орнына тiркетiп алып кiрдi.
Болар-болмас атажұрт тұрақ мүлде,
Жан алғыштар жақпаған шырақ кiмге?
Ай тұрғызбай ауданнан ит атқыш кеп
Жайғап кеттi сол иттi бiр-ақ күнде.
Тiркесе де шекара қалап басын
Жер кеңдiгi iлмедi санатқа шын.
Төрт аяқты ит сыйыспай кете барды
Екi аяқты ит көбейiп баратқасын.
Иттiң де сол сарқылып бiттi арманы...
Көз алдында аң түгiлi түк қалмады...
Бәлкiм төккен қаны үшiн домалақ жер
Шекарадан асса да құтқармады.


Тәңір де итке жүрсiн деп жер ұсынды.
Күнәсiздiң оған да шерi сiңдi.
Олжасының бәрi де мал торыған
Жыртқыш едi шетiнен бөрi сынды.
Бiз бiлмейтiн хайуани қайғы алыста,
Рухы да оның сезiнсең – ойға нұсқа.
Бiрiн-бiрi жеп тынып күрес тiрлiк
Түсiп жатыр заңымен айналысқа.
Ит – тәуелдi, шектелген жасын-бағы,
Меңдейдi әлi көне дер басымдағы –
Малын жеген бөрiнi кие тұтып,
Көмекшi итiн күндеген қасындағы,
Ит тағдырын адамның жеңдi мысы,
Түп тарихын тiрiлту – жердiң iсi,
Жоғалтқасын түп тегiн
берсең де ерiк
Табиғатқа сіңбейді ендігісі.





Пікір жазу