Оқиға үстінде туған жыр
Шенділер жасап жатса жоралғысын
Әділет баса алмайды заман мысын.
Үйі емес, өздері де бұл қоғамнан
Күрелген, қайран қазақ, аманбысың?
Күреуден аман қалып үйің бүгін
Шамыңды таң атқанша жағармысың?
Әлде бұл шаңырағың көктен келіп,
Сұңқылдап ай астында қалармысың?
Не дейміз бұл тағдырдың жарлығына? –
Көз жетті кең даланың тарлығына...
Сайлаудың қарсаңында үй таратты
Қалаға кеше келіп, кірпіш ұстап
Көрмеген пысықтардың барлығына.
Қайран қап сонда есімнен танған едім,
Амалсыз көптің мұңын қолдап едім.
Баспана кезегінде ширек ғасыр
Тұрғасын сан үмітті жалғап едім,
Қазақтың өлеңі мен өнері үшін
Шабытпен сан сайыста самғап едім,
Кешегі Желтоқанда қуғындалып,
Намысын қазағымның қорғап едім,
Біраз жыл Алматыда құрылысшы боп,
Қаланың сан зәулімін салған едім,
Бұйырмай сол үйлердің бір бұрышы
Бәрінен құр алақан қалған едім.
Рухымның осы болар сұйылғаны –
Жерімді келімсектер шиырлады.
Жапондар су үстіне үй салғанда
Қазаққа саз балшық та бұйырмады.
Тарихты шенеуіктер білер неден?
Тығырық бар ма бізде тірелмеген?
Қаланың қақ жартысы қиқы жиқы
Екі ғасыр тұрса да күрелмеген,
Итке темір не керек, тамашаны
Сән емес, жайдан тапсақ жарасады.
Баршаға беру керек жерді аямай
Қазақтың өссін десек болашағы.
Жоқ қылып жылап кеткен табысыңды
Кедейдің қолы жетпес «сән» ұсынды.
Бір күндік баспанаңды күресе де
Күретпе батыр қазақ намысыңды.
Жер жерден жеткен қазақ басың аман,
Сендерден бақытты екен Қасым ағам...
Ел басының міндетін жеңілдетіп,
Өзін де, қаланы да асыраған.
Басшылар жаны ашыса сеніп көрсін,
Бақайдағы аштықты көріп келсін!
Шаңырақта газ бар деп қорқытқанша
Басшымыз туысына кеткен жерді
Тартып ап бар қазаққа бөліп берсін!...
Шаңырақ. 2006 жыл.