Қазақстандық ұлт жайлы
Хақ бізді де жаратқанмен текті ел қып,
Отарлықтың шашасына кептелдік.
Екі жазу білген елдің бір кезде
Сауаттысы екі ақ пайыз деп келдік.
Соғыстарда жаттың жерін қорғадық,
Нәубеттерде қиылдық та сорладық.
Екі тілді білген елді бір кезде
Ұлт аралық бүлікшіл деп қорладық.
Болып кетсе жазу өзге, тіл өзге
Мүлде өзгеріп кете алмайсың лезде.
Өзін қиған өзгеге де сыймайды
Болғандықтан өзге жұрттан түрі өзге.
Қағаздағы қиғаш келді көзге өрнек,
Өзің тынып, өзге сөйлер кез келмек,
Хат сауаттан жаңылдырған әліпби
Бір ғасырда төртінші рет өзгермек.
Отырарды айтпағанда алғашқы
Отырғызбай тарих шері жалғасты.
Астымыздан су шыққан жоқ,
Астанам
Бір ғасырда төртінші рет алмасты.
Әлі талай пайғамбармен қауышпақ
Ойымыз бар,
шақырсақ та дауыстап.
Бір Құдайға құлшылықтың қисыны
Бір мың жылда төртінші рет ауыспақ.
Тайпа дедік, ұлыс дедік бұл елді,
Ұлт десек те тығырыққа тірелді.
Адасқан жұрт өз атауын мың жылда
Төртінші рет өзгерткелі тұр енді.
Жарылысты жіберсек те жыраққа,
Тәжірибе тағы да алды сынаққа.,
Бәрін қолдан өзгертетін пенденің
Пенделігі өзгермейді, бірақ та...