22.09.2022
  184


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Желтоқсан жаңғырығы

1.
Оңбай ұштым...
Қайырылды қанатым
Жүрегiмнiң перделерiн жабатын,
Жанарыма сiңiп кеттi қара түн.
Қаштым бұзып қақпаларын құрдымның,
Қарда сайрап iзi жатты сүргiннiң –
Мансабы ма мәртебешiл құрбымның?
Жан қиылды, жаннан үркiп қан қашты,
Қанда сабыр болмас-ты –
Жер ананың жағасына жармасты.
Жатты сосын кейбiр күзде күн кү.лiп,
Ал бiрiнде мұңды үмiт –
Тағдырға бұл туа бiткен жындылық.
2
Меңiреу ғұмыр,
Жатқанда намыс та қалғып,
Қиялым қашты құрықсыз алысқа қаңғып.
Тартылды дағы күз көңiл күйзелiстерден,
Көктемде қайта тасыды қамысқа қарғып.
Манағы мансап мыңқ етпей мазамды ұрлаған,
Тағдыр – ай мығым тұлғадан сөз алдырмаған!
Мезгiлдiң мысы жiбiтпей мұз қабағыңды,
Мойындаттырған өзiңдi жазаң бұл маған.
Меңiреу мансап намысты құрбандық еткен,
Мұң қалды көптен,
мырс етiп жынданды көктем.
Желтоқсан желi еншiсiн жұлған жүректен
Шашылып жоққа, тұл жетiм жыр қаңғып өткен.
Сезбеппiн сол кез –


Қанаттан зұлмат қырқарын ұшар ақыныңды,
Сүрiнiп барып, түнекте тұсалатынымды,
Вагондар менен вокзалда күн кешетiнiмдi,
Әдiлдiк сұрап, Алламен тiлдесетiнiмдi,
Қарақшы мезгiл қит етсе тынышсызды аңдып,
Жүретiнiмдi жапанда жұмыссыз қаңғып,
Ақталуға да ана тiл араша болмай,
Жат түгiл, жақын жанашыр жараса да алмай...
Неғылған тiрлiк!
Тiрлiкке күйiнiп күлiп,
Жүректе намыс – тербелiс жиiлiктi ұрып,
Шалғажы, Ырғыз бабама сыйынып тұрып,
Қалғып кетiппiн балшықты тоғайда мынау...
Түс көрдiм, көшпей көңiлден алайда қырау.
Түсiмде тағы отарлық дертiн жұқтырып,
Алдайды,
Сосын арбайды еркiндiк күлiп,
Санасын Тәңір құлдықтан аластамаған
Өгейсiп кеткен жат түгiлi алаш та маған,
Әлi де, бәлкiм, оянбай таяқ тiледi...
Әйтсе де намыс-дүмпуiм оятты менi...
3
Сәтте мынау тым-тырыс
Абыройдан жеттi боздап бiр сыбыс.
Жете бере ар шыңынан лақтырып,
Жүрегiмнен жүрiп өттi сiлкiнiс.
Жанымменен суырылып тосын жай,
Ұшты намыс, үзiлдi де жасындай.
Көпке дейiн көбiк шашып көзiмнен,
Аласұрып қаным жатты басылмай.
Қиян сапар...
Қилы оқиға...


Жол-керең.
Кереңідiктен жапа шектi жалқы өлең.
Жүрекке кеп күлдiр-күлдiр қирады
Жанарыма аунап түскен жарты әлем?...
1988 жыл.





Пікір жазу