КҮПІРЛІК
...құшағымыз құлыпталып сиқырмен, жанар оты
тамырларымыздан да ұшқындап, қызыл Айдың
жасыл сазын тыңдадық, қоңыр шалғын үстінде...
Қорқынышты,
сұлу,
жұмбақ әлемім,
Ақыл-ойдың иірімі сенбісің?!.
Айтшы,
нендей құпияң бар, даналыққа сүйреген?
Күллі ғылым күдігіне күліп мен,
үркер сұғы ойнаған қара суға шомылдым.
Нәрестенің еніп көрдім сүт аңқыған ақ далалы түсіне.
Ауырлады сүйегім...
Тек,
өзіңді ұға алмадым мен бірақ. Ұға
алмадым.
Жын көтерген айқайға жолықтым мен бейуақта.
Құлағымнан қобыз ойнап бердім мен...
Ымырт солай ырғағынан жаңылды.
Тағдырлардың тақсыры едім мен бүкіл. Барлық
жұмбақ құдіреттердің патшасы ем. Ашылмаған
сенің ғана қалып еді құпияң...
Сырыңды ұғу қиын екен, қиын екен, жарығым!
Бүгін,
Естерінен айырылған бұлттар жатыр алдымда,
шекелері сұп-суық...
Қарақоңыр ұйқысына тамып кеткен көкшіл шық, құла
құмырсқа бара жатыр құмарлана жүгіріп: мұрты
ұшында – көне қала тозаңы.
Сол тозаңда мың еркектің ізі бар... Ал,
мен сенің көздеріңе үңілем.
Қарашығың – нұрлы Сөзі ғаламның,
сезім құйған қара дәтім ішіне!
Қорқынышты, сұлу, жұмбақ әлемім,
айтшы,
нендей құпияң бар, ессіздікке сүйреген?
Сенің тылсым жұлдызың – Ақыл-ойдың түгесілер шегінде!
Күндер де күн жетем соған, иллаһи...
Әрбір қан түйіршігімдегі әлемдерді де тербеген
құпияңды ұстап көрем қолыммен!
Жасыл Айдың астында,
қызыл шалғын үстінде,
барша сиқыр күлін шашып өзекке,
қайырымсыз Қара Күлкіге айналам...