22.09.2022
  141


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ҚЫРСЫҒУ

Өмір сүру не біз үшін?
Жол жүру ме бұралаң?
Ең болмаса, бірер секунд ойлансақ қой күнара.
Біразырақ тоқталар ма ед тың тыңдау мен сығалау?
Әрине ғой, тоқталар ед...
Тоқталатын шығар-ау?
Ең бірінші, былай айтып көрмекшімін, сенсеңіз:
(сенбесеңіз, өз еркіңіз) «екі жеті – он сегіз».
Дәлел үшін, Өтірік пен Шын жұлып жесін бір-бірін,
«он сегіздің» дәл «төртеуін» мен жеп қойғам күн бұрын.
Біз бәріміз – тоқ ішекпіз.
Бітеу кім бар?
Кім бөтен?
Мықтымсынған пенделерге мияулауды үйретер –
мына сіз бе?
Күнәңізді немен ғана жудыңыз?
Заң сыртында көтермейміз артық-ауыс шуды біз!
Жанымызға батқан емес – ойлау үшін ойланбау,
бір данышпан бір кітапқа бәрін жазып қойғанда.
Ал, тегінде, былай істеп көрмекшімін:
құтырып,
Өлөңімнің жұтып алам бар нүкте мен үтірін.
Сонсоң,
соңғы бір Сөзінен шығамын да қылқиып,
айғай салам,
көрсін шындап құлақ сөніп, діл күйіп!
Құлқынсәрі туар кезде көтеріліп шатырға,
арсыз дәтін момындардың көңіліне матырған
пасықтарды тосып алам, жарқанаттық пейілмен...
Оған дейін, атамаңыз, басылман да сейілмен!..
 
Қай қалтада сыңғырлаушы ед құдайлықтың кілттері?
Шу-шу етсе көшелерде, сезіп қойған жұрт нені?
Сығымдалған уақыттың ішінде еді-ау бастары.
Екі Дүниені балағаттап мастары мен жастары
болған әбден.
Үкіметтік қағаздардың судыры
бөденелі сағымдардай, көзді елеске жудырып,
қорқыныш пен қуанышы араласқан мезетте,
қауіпті ғой – жүйкелердің үстінде құр безектеу!
Өмір сүру не біз үшін?
Түпкі мәні – бір тылсым.
Сонда қалай? Бостандықтың құлы болу – құртылсын?
Қайда әлгі жұмбақталған сары-сары қағаздар?
Бұл халықтың май мен наны көп еді ғой, оғы азда!..
Жат аспанды кезіп жүрсе Болашақтың Елесі,
олар бізге – көргені үшін – көз ақысын төлесін!..
Қызық өзі, Адам болу – барып тұрған қылмыстық...
Ал, өйтпесең, тырнағынан құтылып көр тұрмыстың!
Әкеңіздің аруағы үшін әйеліңе жөн сілте...
Бірақ бар ғой, ақылдылар жетіп жатыр сенсіз де.
Өмір сүру не біз үшін?
Жол жүру ме бұралаң?
Қасақана қасарыспай, құлақ түрші мынаған:
жиі-жиі өз ісіңнің қате екенін түсіну –
бұл Тірлікті жиі-жиі тәубесіне түсіру.





Пікір жазу