Теңбілсіз ашық аспандай
Теңбілсіз ашық аспандай
Көгімде туым желбіреп,
Сарайын жанның ашқандай
Қараймын бүгін елжіреп.
Ата-бабамның арманы
Ағынан мәңгі келді деп.
Ұрпағын қолдап аруағы,
Бақытты қолға берді деп.
Тілгілеп көкті жасқаған
Ғарышкерлердің шуындай.
Төңкерген бейне тостаған
Тұяғы түскен суынбай,
Қарғып бір міндік тұлпарға
Орғытып ойда, қыр астық.
Шабытпен шығып шырқауға,
Сүйінші бүгін сұрастық!
Мылтықсыз мүлде мерген жоқ.
Теңдігім текке келген жоқ,
Мылтықсыз мүлде мерген жоқ.
Тәуелсіздікті, Алдияр,
Қолынан ешкім берген жоқ.
Тарих та бейне анадай,
Тендікті – мезгіл толғатты.
Ғасырлар сайрап айнадай,
Бұралаң небір жол жатты.
Сүйінші, уа, халайық,
Сүйінші сұрар таң бүгін.
Береке, бірлік зорайып,
Дәулетке толсын әр күнім!
Ардақтап ата-бабаны,
Өткенге тағзым етейік.
Зобалаң зәрлі заманы
Кеткенге тағзым етейік!
Бағыттан алған жаңылмай,
Жасақтап жасақ қабылдай,
Қасиетті қастер жерінің,
Қамы үшін қазақ елінің,
Бірлікке үндеп дабылдай,
Ауыздығымен алысып,
Тұлпары асау тыпыршып,
Тұрғандай батыр Абылай!
Түлеттік туған даланы,
Бұған да шүкір а Құдай!...
Сілкінтіп жалқау сананы,
Ардақтап ата-бабаны,
Толтыра құйдық қымызды,
Тостағандарға, кесеге.
Не жазса Тәңірім көрмек-ті
Десек те мынау пешене,
Тарихы тұтас халқымның
Кеңестік кездей өше ме?
Өзіміз қолға алмасақ,
Өзгелер сірә, шеше ме?
Қарыздар ұрпақ қашанда
Әкелер менен шешеге.
Риза болмай аруақтар
Көңілдер күпті өсе ме?
Жалғасар дәстүр өрістер,
Бүгін де солай, кеше де.
Шатқалаң шақтың зардабын
Өшіріп қайта келмеске,
Зиялылардың есімін
Әрледік қанша көшеге?!