21.09.2022
  122


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Қайрат кiм?

Қ. Рысқұлбеков деген кiм соншалықты
дүрлiктiретiндей? Ерлiк жасаған Төлеген
емес, Мәншүк емес...
Даукес жiгiттiң сөзi.



Өмiрден қыршын кеткен ақын
Бауыржан Үсеновтың жауабы:
– Сәулесi жоқ қай шындық шырақ құрлы?
Селк еттi де, сұсына ол шыдап күлдi,
Сабыр және сәттiлiк сұрап тұрды.
Шыдап бағып, намыстың күрегiмен
Жарамсақтың бықсыған жүрегiнен
Зұлымдықты суырып, сындырды да,
Сосын өзiн \ шындық боп шыңғырды да\
Табағына тарихтың лақтырды.
Мәңгүрт дәуiр мызғымас мәңгiрiп те...
Қарсы атылып қабаған қанды үмiтке,
Шоқ жұтты да, шытынап шытырманнан,
Сiңiп кеттi ол жарқ етiп мәңгiлiкке.


Астан-кестен бұлттардан өрт өрiлiп,
Желқайықтан жалп етiп желкен – үмiт,
Толқындарға жоғалды көмкерiлiп.
Шыңырауға құлады
Намысыңмен
Тiреп қойған аспаның төңкерiлiп.
Астарына аршылмас нала қатқан
Жебесiн бұл дәуiрлер санаға атқан.
Күлдi ғасыр мәңгүрттiк, салғырттықтың
Салмағынан ойсырап бара жатқан...
Текке кетпей бұғауды ол қашқанда үзiп,
Өктемдiктiң ордасын шашқан бұзып.
Сосын бейбақ шындыққа жаны ашыған
Көз шықты да көңiлдiң жарасынан,
Қарашықтан үзiлiп, қасқыр азу
Ала түстi тарихтың жағасынан.
Әдiлетпен әрленсе әр құбылаң,
Қасиеттiң өзгерсе нарқы бұдан –
Сенiң елдi бәрiбiр сүймегенiң,
Шындық атты шыңға бас имегенiң.
Күндеп болып тiрiнi , күйгелегiм,
Аруақтың жармасып алқымынан,
Құдыреттi құрдымға сүйреледiң.
Құзар шыңнан мұз емес, мұң құлады...
Саған тансық – кiм түзу, кiм кiнәлi?
Мақтанар ем: қазақтың сұңғылалы
Болса егерде Қайраттай мың қыраны !
Қара түндi қапсыра құшақтады ол,
Жарқылынан жасының сынды дағы.



1990 жыл.





Пікір жазу