21.09.2022
123
Шеңгелдер. 1986 жыл.
Жатқа жалшы болмасын деп iзгi елiм,
Намыс болып лауласын деп бiзде мұң,
Жарып өтiп талқан қылдық жендеттiң
Иықтасқан қабат-қабат тiзбегiн.
Сойыл, күрек қуды өзiнше «көкпарды» ,
Қазақ, бiрақ, шерiн қайтпай ақтарды.
Өрт сөндiргiш сөндiре алмай шегiндi
Көзiмiзде лапылдаған оттарды.
Темiр қалпақ мәңгүрт бастың әр iсiн
қорғаса да
оқтан өткiр намысым
Үркiттi ме,
Қарусыздан қорғанды
Тас жүректер қалқан ұстап жаны үшiн.
Ертеңiне бiреу сендi, сенбедi,
Екiұдайы пiкiр солай меңдедi.
Отарлықты қиратқанмен,
Санада
Қалып қойды әлi талай шеңгелi.
Қарсылықтар ағымдарды сапырып,
Жатса әдiлет өз жеңiсiн шақырып,
Ұлы тарих шеп бiткендi ретiмен
Жатты осылай алма-кезек жапырып.