21.09.2022
  166


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Алаңдағы өрт. 1986 жыл.

Көлiктердi аударған да өртеген
Қылмыс емес,
Айықпаған өлкеден,
Iште жанған ертеден
Жанып бiтпес дерт-емен.
Қызыл қоғам...
Қызыл көлiк торабы
Сырттағы өрттi сөндiруге жарады.
Iшiмiзде лаулап жанған наланы
Сөндiре алмай қызарақтап барады.
Iштегi оттың көзден ұшқан жарқылы
Өктемдiктi шарпыды кеп,
шарпыды.
Тұйықталған сәйкессiздiк арқылы
Үдей түсiп жарылыстар қарқыны,
Сетiнеп бiр сананың да тәртiбi,
Саңылауынан сағым ұшып қалқыды.
Өткенiмнен баратқасын iз кемiп
Оны өктемдiк өткелiнен iздедiк.
Ақты көзден iште жанған мұз да ерiп.
Уланды да
кеттi нәубет түзге енiп –
Көзден аққан бiздi емiп.
Қисынбаған фәни, бақи – бұл бiр сын.
Оған ие уақыт та – бүлдiршiн.
Көз жасына сөне қалған мұң құрсын...
Сөндi делiк,
Шоғы қалса кiм бiлсiн...?





Пікір жазу